24-сабақ. КИНО ЖӘНЕ МУЗЫКА

Қазақ мультфильмдерінің музыкасы


Сабақта:
1. Қазақстанның мультфильмдерінің музыкасымен танысамыз;
2. Осы бағытта жұмыс істеген композиторлардың шығармашылығын танимыз;
3. Қазақ мультфильмдерінің даму кезеңдеріне шолу жасаймыз;
4. Мультипликация терминдерімен танысамыз;
5. Мультфильмдерге жазылған шығармалардан үзінді тыңдаймыз.


Мультфильмдерде орындалатын музыканы анимациялық музыка деп атайды. Ол француз тілінде animation, яғни «тірілу, жандану» деген мағынаны білдіреді. Суретке жан бітіріп, әртүрлі кейіпкерлердің мінездемесін сөзсіз музыкалық құралдармен жеткізу – анимациялық музыканың міндеті. Демек, анимациялық фильмдердегі саз өнерінің маңызы зор.
Қазақ анимациясының тарихы 1967 жылы режиссер Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінен басталды. Бұл картина қазақ анимациясының осы кезеңдегі (1967–1991) көркем тәсілдерінің негізін қалады. Оған музыка жазған атақты күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиев ұлттық нақыштағы музыканы басынан аяғына дейін қолданды. Егемендік алғанға дейінгі анимациялық фильмдердің қалыптасу және даму тарихын аңыздар мен ертегілер, жырлар желісімен түсірілген фильмдер құрады. Олардың қатарында «Ақсақ құлан» (Режиссёр – Ә. Хайдаров, композитор – Н. Тілендиев«Қазақфильм», 1968) мультфильмін ерекше атаған жөн. Кейін пайда болған күнделікті өмір тұрмысы жайында және сатиралық мазмұндағы мультфильмдер «Ұл бала мен жын» (композитор – Н. Тілендиев. «Қазақфильм», 1974), «Жынның ғарышта басынан кешкендері» (композитор – А. Луначарский. «Қазақфильм», 1974) халық ертегілерінің әсемдік пен үйлесімділікті паш еткен ертегілік әлеміне қарама-қарсы қойылды. Осы кеңестік фильмдердің шыңы – шығыстық анекдот пен әфсаналардың кейіпкері Қожанасыр «Қожанасыр-құрылысшы» (композитор – Н. Маңғытаев. «Қазақфильм», 1967) фильмінде көрініс тапты. Қожанасыр азиялық, еуропалық және қытайлықтардың кеңесін тыңдап, тұруға мүлдем жарамсыз күрке салады. Ең соңында Қожанасырдың салған жаңа, Кеңес одағының типтік көп қабатты үйі ғана әртүрлі ұлт өкілдерінің бақытты өмір сүруіне мүмкіндік туғызады. Мұндай идеологиялық мағынадағы фильмдер ХХ ғасырдың 70–80-жылдарына тән болды. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»«Ақсақ құлан», «Байлық пен даналық» (композитор – Н. Тілендиев. «Қазақфильм», 1977) фильмдеріндегі үздіксіз орындалатын музыканы, әдетте, Н. Тілендиевтің жетекшілігіндегі ұлт аспаптар оркестрі орындайтын еді. «Ақсақ құлан» фильмінде домбыра толыққанды басты кейіпкердің қызметін атқарады. Керісінше, симфониялық оркестрдің аспаптары қазақ мультфильмдерінде жағымсыз кейіпкерлер атынан немесе қайғылы, драматизмге толы сәттерде қолданылды. Бұл мультфильмдердегі жеке дауысты домбыра – бейбітшілік, мейірімділік және басты кейіпкерлерді сипаттайтын қуатты құрал еді.
Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінен бастап домбыра басты жағымды кейіпкер – Қарлығашты сомдауға қатысса, ал оған қарсы қатігез Маса – еуропалық скрипка дауысымен бейнеленеді. Осы кезеңнің анимациялық фильмдеріне музыка шығарған сазгерлердің қатарында Нұрғиса Тілендиевтен басқа, Кеңес ДүйсекеевӘсет БейсеуовБалнұр ҚыдырбекЕрмек Өміровті атауға болады.
ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында экономикалық және саяси себептерге байланысты болған аздаған тоқырау кезеңінен соң, фольклорлық уақиға желісімен түсірілген фильмдер («Түйе бойына сеніп, қапы қалыпты» (1993), «Ай мен тігінші» (1993) халық ертегілерін толық баяндағандықтан, анимацияның бастапқы даму кезеңіне қайтып оралумен ерекшеленді. Бұл фильмдердегі музыка да кеңестік мультфильмдердің үрдісін ұстанды. 2000 жыл Қазақстан анимациялық өнерінің жаңа даму деңгейін анықтады. Осы кезең картиналары қиял ғажайып және жыр дәстүрі мен байланысты шығарылған. Олардың қатарында «Алпамыс батыр» (2007), 2010 жылы «Бөгенбай батыр», «Қамбар батыр», «Қанатты барыс», 2010–2014 жылдар аралығында түсірілген «Ер Төстік» мультсериалдары, «Azia-animation» студиясы түсірген «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» мультфильмдері болды. 2010 жылы 3D-анимация техникасымен түсірілген тұңғыш кассалық фильм «
Ер Төстік» те ертегілік жыр үлгісімен түсірілді. Бұл жаңғырған ұлттық сананың көрсеткіші еді. Анимациялық фильмдердегі музыка кеңестік дәуірдің тәсілдерімен бірге, ұлттық дәстүрге де ерекше ден қойды. Мысалы, басты кейіпкердің белгісі домбыра болса, симфониялық оркестр аспаптары жағымсыз кейіпкерлер мен драмалық жағдайларды, қазақтың ұлт аспаптары бейбітшілік пен байтақ дала картиналарын бейнеледі. Десек те, ұлт аспаптарының қолданылу аясы едәуір кеңейе түсті. Мәселен, қобыз таңғажайып, тылсым күштермен байланыс тұрғысынан тәржімаланды. Бұл әдіс 90-жылдардағы кеңестік дәуірдің мультфильмдеріне тән еді («Үш шебер» фильмінде ағаштан қызды тірілтіп жонып алған үш шебердің дауысы, ал «Түйе бойына сеніп, қапы қалыпты» мультфильмінде қобыз дауысы Әлемдік тауда жиналған аңдарға Тәңірі үкімінің дыбыс бояуы). Жырдың дәстүрлі мақамы қолданылған «Мұңлық–Зарлық» (Режиссёр – Б. Дәуренбеков, композиторлар – А. Дүйсен, Р. Шынықұлов. «Сак-киностудия», 2010) мультфильмінің кіріспесіндегі қобыздың зары абыз баяндаған жырдың уақыт өлшемін нанымды жеткізеді. Музыка мен бейнелілік қатар бірін-бірі толықтырып, көне қобыз дауысымен үйлесім тапқан шығыстық қолжазбалар мен гравюралар көріністері ежелгі заманның бояуын кіргізеді. «Құйыршық» мультфильміндегі (режиссёр – К. Қасымов, композитор – Т. Қышқашбаев. «Қазақфильм», 2003–2004) шал қолындағы қозыдан қалған құйыршықты кемпірге көрсету сәтіндегі қобыз сазы абыздың сарнатқан сарынындағы өмір мен өлім арпалысын жеткізеді. Осы кездегі анимациялық фильмдерде қобыз сарыны сирек қолданылады, бұл қобыздың дәстүрдегі ерекше қасиетті аспап ретіндегі мәнін айрықшалайды. Техникалық өркениеттің белгісі ретінде заманауи мультфильмдерде синтезатор дауысы жиі қолданылады. Бірқатар мультфильмдерде синтезатор – табиғаттан тысқары таңғажайып сиқырлы күшті көрсету мақсатында қолданылады («Құйыршық», «Алпамыс», «Сиқырлы тас»). Мәселен, «Құйыршық» мультфильміндегі Құйыршықтың дүниеге келуі сыңғырлаған электронды дыбыстармен мінезделеді. «Алпамыс» фильміндегі Алпамыс пен Мыстанның қайшылығы жеке дауысты домбыра мен электронды музыканың қайырымдылық пен зұлымдықтың тойтарысын бейнелейді. Ертегідегі қарама-қайшы күштердің арпалысы заманауи Қазақстан мультипликациясында халық әні мен эстрадалық музыканың («Алдар көсе мен шайтандар», «Жебе», 2004), халық күйлерінің ролі өңдемесі арқылы көрсетіледі («Алдар көсе мен шайтандар» мультфильміндегі жекпе-жекте Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі рок стилінде ойналады), бұл атақты «Матрица» фантастикалық фильмінің көріністеріне жақын. Соңғы кезең мультфильмдеріне Нұрлан Еспанов, Арман Дүйсенов сынды композиторлар атсалысқан.

1. «Ақсақ құлан» немесе «Қанатты барыс» мультфильмдерінен үзінді көру. Томендегі спойлерге басып қараңыз:

2. Альбинони «Адажио» (Режиссер – Гарри Бардин) мультфильмінен саундтрек тыңдау. Спойлерге басып қараңыз:

3. Бұл мультфильмнің тәлім-тәрбиелік мағынасы неде? Жеткізер басты идеясы не? Пікіріңізді жазыңыз.


Нұрғиса Тілендиев (1925–1998)

Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев туралы толық ақпаратты спойлерге басып қараңыз:


1. Қазақстан анимациялық музыкасының қалыптасуы мен дамуына сазгер Нұрғиса Тілендиев қандай үлес қосты?
2. Н. Тілендиевтің мультфильмдерге арналған музыкасы қай жылдар аралығында шығарылды?
3. «Ақсақ құлан» (аттас мультфильм), «Көроғлы», «Алдар көсе мен шайтандар» мультфильмдеріндегі музыканы дәстүрлі күймен салыстырып тыңдаңыз. Мультфильмдегі күйдің заманауи өңделуінде дәстүрлі күйден қандай өзгерістер байқалады?




ДАСТАРҚАН

Әнін жазған – К. Дүйсекеев
Өлеңін жазған – А. Нысаналин

Видео

караоке/минус

Ей, халайық, халайық,
Бар өнерге салайық.
Ас ұсынып, бас тартқан,
Жайылып тұр дастарқан.

Қайырмасы:
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан,
Ей-ей-ей!

Жақсы келсе – құт болар,
Жаман келсе – жұт болар.
Жолаушымыз біз деген
Асыл мұрат іздеген.

Қайырмасы:
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан,
Ей-ей-ей!

Айналайын ағайын,
Үміт отын жағайын.
Уайым-қайғы жоқ болсын,
Қуанышың көп болсын.

Қайырмасы:
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан,
Ей-ей-ей!

Пікір жазу модулінде:
1. Әннің сөзіне көңіл бөліңіз. Қазақ халқының қонақжайлылығы жайында не айта аласыз?
2. Сіздің ойыңызша, мұндай әндерді қандай жағдайда орындайды?
3. «Дастарқан» әнін қандай топқа жатқызуға болады?

Тест сұрақтары:

Алғашқы қазақ мультфильміне музыка жазған композиторды ата.
Қобыз қазақ мультфильмдерінде қандай мағынада қолданылады?
«Құйыршық» мультфильміндегі музыка композиторы кім?
Анимациялық музыка дегеніміз не?
Жауап пікірлер қосу

Сіздің тапсырмаға жауап пікірлеріңіз

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив