8-сабақ. ЖОБА НӘТИЖЕЛЕРІН ТАНЫСТЫРУ
Сабақта:
1. Өз жұмысымыздың нәтижелерін көрсетуді үйренеміз;
2. Өз жұмысымызды және сыныптастар жұмысын бағалаймыз;
3. Өз жұмысымызды жетілдіріп үйренеміз.
Үлгі:
Жоба тақырыбы: «Опера өнері. Әнші Ермек Серкебаев»
Жоба мақсаты: көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаев шығармашылығымен танысу.
Жоба түрі: топтық жұмыс.
Пайдаланылған дереккөздер: әдебиеттер, желі ресурстары, аудио және бейнематериалдар.
Әншімен танысу:
Ермек Серкебаев (1926–2013) – қазақ халқының әйгілі опера әншісі, лирикалық баритон, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) халық артисі, Қазақстанның халық артисі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор, қоғам қайраткері. 1951 жылы Алматы консерваториясының вокалдық факультетін (Курганов класы бойынша) бітірді. 1947 жылдан Қазақтың опера және балет театрының әнші-солисі. Тұңғыш орындаған партиясы – Абай (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің аттас операсында).
Таңдаулы партиялары: Қожағұл (М. Төлебаевтың «Біржан–Сарасы»), Тарғын (Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғыны»), Евгений Онегин, Мазепа (П. Чайковскийдің аттас операларында), Эскамильо (Ж. Бизенің «Карменінде»).
Тыңда және талда:
С. Мұхамеджанов. «Айсұлу» операсынан Серке каватинасы.
Бірге талқылаңдар:
Музыка авторы мен орындаушы қандай картинаны бейнелегісі келді?
Бұл шығарманың сипаты қандай?
Олар қалай көрсетіледі?
Әнші Россинидің «Севиль шаштаразындағы» Фигаро партиясын үлкен шабытпен үздік орындайтын. Бұл партия әрі қарай Ермек Серкебаевтың айнымас әншілік қолтаңбасына айналды. Ол Кеңес Одағының «ең жақсы Фигаросы» деп аталды. Серкебаев камералық және эстрадалық әнші ретінде де белгілі, киноға да түскен. Гастрольдік сапармен шетелдерде өнер көрсетті.
Тыңда және талда:
Дж. Россини – «Севиль шаштаразы» операсынан Фигаро ариясы.
Бірге талқылаңдар:
Кинофильмдердегі Е. Серкебаевтың қандай әндері танымал?
(Мысалы, Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» кинофильміндегі «Надо мной небо синее». Музыка авторы – А. Зацепин, өлеңі Я. Зискиндікі)