21-сабақ. МУЗЫКА ЖӘНЕ ТЕАТР


Сабақта:
1. Қазақ театрының туындыларымен танысамыз;
2. Қуыршақ билері туралы білеміз;
3. «Ортеке» күйлерінің үлгілерін тыңдаймыз;
4. Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш» әнін айтамыз;
5. «Достар серті» мюзиклі туралы білеміз.

Қазақ театрының қайнар-көзі қазақ халқының ежелгі фольклорлық салт-дәстүрінде жатыр. Қазақтың тұрмыс-салт әндері мен дәстүрінде театр элементтері бар. Қазақ халқының барлық өнер түрлері музыкамен байланысты. Дәстүрлі эпос, әндер мен күйлер орындау қазақ театрының пайда болуына негіз болды. Күйшілер орындайтын күйлерінің аңыз-әңгімесін баяндау арқылы тыңдаушыны дайындап алатын болған. Күйлердің аңыз-әңгімесінде әртүрлі бейнедегі кейіпкерлер туралы баяндалатын және осы кейіпкерлердің барлығын күйші-орындаушы бір өзі бейнелеген. Бұл бір актер театрының өзіндік тәжірибесі болды. Сонымен қатар қазақ театр өнерінің түп негізіне айтыс өнерін де жатқызуға болады. Айтыс кезінде ақындардың әуендері арнайы ырғақпен, айрықша орындаушылық мәнермен ерекшеленді. Мереке мен тойларда әзіл-
кештер өздерінің шеберлігін көрсететін болған, олар халық арасында «қу» деп аталды. Олар кейіпкердің мінез-құлқын дәл сипаттай білді. Халқымызда ең жарқын және театрландырылған дәстүрлердің бірі – үйлену тойы. Қазақтың халық биі «Ортеке» – Қуыршақ театрының бастауы болып табылады. «Ортеке» күйін орындаған кезде, ешкі бейнесіндегі қуыршақ үстелдің ортасына бекітіледі. Қуыршақ ортеке еркін билеуі үшін, аяқтары үстелдің бетіне тимейтіндей етіп орналастырылады. Қуыршақтың дене бөліктеріне байланған жіп үстелдің ортасындағы тесік арқылы өткізіліп, домбырашының оң қолының саусақтарына байланады. Күйші күйді тарта бастағанда, қуыршақ ортеке қозғалып, билей бастайды.

21-сабақтың видео слайдын спойлерге басып қараңыз:


1. «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауында «Ортеке» күйін спойлерге басып тыңдаңыз.
2. Пікір жазу модулінде күйге сипаттама беріңіз.



АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ

Абай
(өңдеген Қ. Шілдебаев)

1. Әнді спойлерге басып тыңдаңыз.
2. Мәтінді мәнерлеп оқыңыз.
3. Әнге ырғақтық сүйемелдеу жасап үйреніңіз.





«Достар серті» мюзиклі мөлдір махаббат пен шынайы ерлер достығы туралы лирикалық комедия. 
«Достар серті» мюзиклі – жарқын, өткір ойлы, қабылдауға жеңіл спектакль. Алайда, сюжетте кейбір мұңды «ноталар» баршылық, бірақ бұл өмірдің жарқын мәнін одан сайын баса айту үшін жасалған. «Достар серті» мюзиклінің негізінде төрт жас жігіттің достық тарихы жатыр, бұл туралы көрермен туынды кейіпкерлерінің бірі 63 жастағы Мараттан естиді. Оның монолог-естеліктері спектакльдің сюжеттік желісін құрайды және көрерменді өткен ғасырдың 70-жылдарына алып барады. Сол заманның үлгісі бірегей әрі жарқын берілген. 
Танымал ретро-хит әндер сюжетке үйлесімді орайластырылған. Олар атақты қазақстандық композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, «Дос-Мұқасан» ВИА репертуарындағы халықтың сүйікті әндері. Одан басқа мюзиклде «Битлз» тобының туындылары («Girl», «Can't buy me love») мен тиісті музыкалық стилистикада жасалған Артур Оренбургскийдің авторлық вокалдық, аспаптық композициялары пайдаланылған. Либретто авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сценарист Бақыт Қайырбеков. Ал мюзикл режиссері — Еслям Нуртазин. Қазақ тіліне аударған  — драматург, ақын Аннас Бағдат.



1. «Әсем» әнін тыңда. Әнін жазған – А. Оренбургский, либреттосын жазған – Б. Қайырбеков.
2. Бұл ән мюзиклдің драматургиясында қандай рөл атқарады?
3. «Достар серті» туралы ақпаратты тап және шағын ауызша баяндама жаса (әңгіме, слайд-шоу дайындау).
Қосымша «Достар серті» мюзиклі әндерін спойлерге басып тыңдаңыз:

Толығымен