29-сабақ. ЖАН ЖАДЫРАТАР ӘУЕН

Сабақта:
1. Жан жадыратар жарқын әуенді әндермен таныс боламыз;
2. Әсет Найманбайұлы мен Дәнеш Рақышевтің әншілік мәнері туралы білеміз;
3. Тыңдалған әндерге талдаулар жасаймыз;
4. С. Қалиевтің сөзіне жазылған Х. Әбілжановтың «Әжетайым» әнін үйренеміз.


Тамылжыған, сазды, әуезді үн адам жанын ерекше тербейтін тылсым күшке ие екендігін талай ғұлама ғалымдар мен ойшылдар айтып кеткен. Данышпан Абай Құнанбайұлы ән-күй немесе жақсы бір әуеннің адам санасына әсері қандай болатындығы туралы көптеген терең, мағыналы пікірлер айтқан. Мысалы, «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен
тәтті күй...» немесе «Жүрек тербеп оятар баста миды», «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар...» немесе «Құр айқай бақырған Құлаққа ән бе екен?», – деген өлең жолдарында әннің әртүрлі мінезде болатындығын талдап берді.

Ақын, әнші, композитор Әсет Найманбайұлы 1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты ауылында дүниеге келген. Әсеттің әке-шешесі кедей, шаруа адамдар болса да, Әсет ескіше оқыған көзі ашық адам болады. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі, әсіресе, айтыс жанрында кеңінен танылды. Ол Рысжан, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмбет ақындармен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек таралғаны – оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әншілік дәстүрін жалғастырып, дамыта түсті. Оның «Кіші Ардақ», «Үлкен Ардақ», «Қарагөз», «Мақпал», «Інжу-маржан» т.б. әндері қазақ музыка мәдениетінің озық үлгілері қатарында тұрады.

Әсет Найманбайұлы (1867–1922)

Әсет Найманбайұлы әндерін төмендегі спойлерге басып қараңыз:

Халықтық өнердің інжу-маржанын бойына терең дарытқан өр талант иесі, бұлбұл үнді, жезтаңдай әнші – Дәнеш Рақышев есімі барша қазақ халқына, өнерсүйер қауымға кеңінен танымал. Жетісудың бұлбұлы атанған Қазақстанның халық артисі Дәнеш Рақышев 1926 жылы Жаркент өңірінде (Алматы облысы Панфилов ауданы Талды ауылы) дүниеге келген.
Тағдырдың жазуымен Қытайдағы Шығыс Түркістан өңірінде балалық, жастық шағын өткізген Дәнеш әнші алғашқы өнер жолын да осы өлкеде бастайды. Отбасынан өнерге құлағы қанық өскен Дәнеш 12–13 жасынан қолына алғаш гармонь, домбыра ұстап ән салған. Ән өнеріне құлай ынта қойған бала Дәнеш 15 жасында әнші-күйші, өнерпаздармен етене араласты. Осы тұста 1916 жылдың дүрбелеңімен туған жерден жырақ кеткен атақты әнші, ақын Әсет Найманбайұлының Қадырихан, Мәмет сынды шәкірттерінің қасына еріп, көптеген әндерін үйренеді.
1959 жылы атамекенге біржола табан тіреген әнші Дәнеш Рақышев шалқар шабытпен «Саясында алманың», «Жетісу», «Балжан-ай», «Соға кет» сияқты халықтық сарынмен астасып, өзіндік әуен ырғағымен ерекшеленіп тұратын жүзге тарта әндер шығарды.
Дәнеш Рақышев (1926–1992)


ӘЖЕТАЙЫМ
Әнін жазған – Халықберген Әбілжанов
Өлеңін жазған – Серік Қалиев

Маған деп жинаған
Тәтті құрт-майын.
Бар ауыл сыйлаған
Әжеме ән шырқайын.


Бейнежазба немесе үнтаспадан Дәнеш Рақышевтің орындауында Әсеттің «Қысмет» және төл туындысы «Жетісу» әндерін тыңда.
2. Әндерді салыстырып, талда.
3. Орындаушылық мәнеріне баға бер.
4. «Қамажай» әніне ырғақтық сүйемел жасай отырып, орында.

1. Дәнеш Рақышевтің ұстаздары кімдер?
2. Дәнеш Рақышев қандай атақты әнші-композитордың мұрасын жеткізді?
3. Дәнештің қандай әндерін білесің?

1. Ә. Найманбайұлының «Інжу-маржан» әнінің мәтінін тауып, қайырмасын жаттап ал.
2. Ә. Найманбайұлы және Д. Рақышев әндерінің аттарынан сөзжұмбақ құрастыр.
3. Қазақ әндерінің жанрларын ата.
Толығымен