27-сабақ. ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ МУЗЫКА

Сабақта:
1. Интеллектуалды музыкамен танысамыз;
2. Абай Құнанбайұлының және Дәулеткерей Шығайұлының шығармашылығы туралы білеміз;
3. Абай әндерін айтып үйренеміз;
4. Дәулеткерей күйлерін тыңдаймыз;
5. Тыңдалған әндер мен күйлерге талдаулар жасаймыз.


«Интеллектуалды музыка» деп күрделі құрылымды, терең мағыналы, ойлы шығармаларды айтуға болады. Мұндай туындылар орындаушыдан асқан шеберлікті және тыңдаушыдан да мол түсінікті қажет етеді. Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан музыкасы және оны тыңдап бағалай алатын тыңдаушылары бар. Қазақтың ән-күйлерінің ішінде философиялық терең ойға құрылған кемел туындылар баршылық. Оларды тыңдап, түсіну үшін арнайы дайындық керек, сонымен қатар тыңдарманның ой-өрісі, сана-сезімі жоғары деңгейде болуы тиіс. Мысалы, Абайдың әндері мен Дәулеткерейдің күйлерін осындай шығармалардың қатарына жатқызуға болады.

Абай Құнанбайұлы (1845–1904)

Абай Құнанбайұлы туралы толық ақпараттытомендегі спойлерге басып қараңыз:
1. Төмендегі спойлерге басып, Абайдың «Сегіз аяқ» әнін тыңдаңыз және талдаңыз.
2. Әннің ерекшелігіне, орындаушылық мәнеріне баға бер.
3. Әннің мәтінін мәнерлеп оқы.
4. Тест сұрақтарын қараңыз.




Дәулеткерей Шығайұлы (1820–1887)

1855 жылы Екінші Александр патшаның таққа отырып, тәж кию салтанатына қатысқан өкілдердің ішінде Дәулеткерей де болған. Ол осы сапардан көрмегенін көріп, естімегенін өз құлағымен естіп қайтады. Еуропа сазгерлерінің оркестрде ойнаған шығармаларын тыңдайды. Дәулеткерейді академик А. Жұбанов «Төре күйлерінің атасы» дейді. Дәулеткерейдің «Көркем ханым», «Жігер», «Құдаша», «Жұмабике», «Салық өлген» және т.б. күйлері бізге жетті.

Дәулеткерей Шығайұлы туралы ақпаратты, төмендегі спойлерге басып қараңыз:


Төмендегі спойлерге басып: Дәулеткерейдің «Байжұма» күйін тыңда


1. Бейнежазба немесе үнтаспадан Дәулеткерейдің «Байжұма» күйін тыңдаңыз.
2. Күйге сипаттама беріңіз.
3. Орындаушылық мәнеріне баға беріңіз. Пікір жазу модуліне жазыңыз.

1. Абайдың тағы қандай әндері бар? Пікір жазу моділне жазыңыз.
2. Абайдың әндерін жеткізушілер жөнінде мәліметтер іздестіріңіз.
3. Абайдың әнге байланысты шығарған өлеңдерін мәнерлеп оқыңыз.
4. Дәулеткерейдің «Байжұма» күйінің ырғағын орындаңыз.
5. Дәулеткерей туралы қосымша деректерді тауып, оқыңыз.
Толығымен

28-сабақ. ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫ МУЗЫКА

Сабақта:
1. Интеллектуалды музыка бағыттарымен танысамыз;
2. Заманауи музыканың ерекшеліктерімен танысамыз;
3. Интеллектуалды музыка терминдерін біле аламыз;
4. Заманауи техникада жазылған шығармалардан үзінді тыңдаймыз;
5. Қазақтың «Арман-ай» әнін үйренеміз.

Ақыл-ойға сүйеніп, рационалды әдіспен шығарылған музыка көне заманнан бастау алады. Энциклопедист ғұлама ғалым Әбу Наср әл-Фараби музыканы математиканың әдістерімен зерттеген болатын. Ал Еуропаның атақты композиторы И.С. Бах «Фуга» атты көп дауысты шығарманы ақыл-оймен пішіп, әр дауыстың жүргізілуін ережеге бағына жазды. ХХ ғасырда компьютер тарала бастаған соң, музыканың мүмкіндіктері арта түсті. Қазіргі таңда компьютерлік музыкадан басқа, электрондық музыка, заманауи музыканың көптеген бағыттары пайда болды. Сонымен бірге алуан түрлі қазіргі заманғы композиторлық техникалар қолданылып келеді. Әсіресе, электронды музыканың қазіргі таңда әртүрлі бағыттары өріс алды. Транс – адамды өмірде жоқ бейқам көңіл күйге бөлейді. Хаус – бұл электронды музыка түрі өте қарапайым би ырғақтарының қайталануынан құралған әуенге негізделеді. Техно – табиғатта кездеспейтін, машина дыбысына ұқсас синтетикалы дыбысты әуеннің бірнеше рет қайталануынан құралатын электронды музыка түрі. Драм-н-басс (джангл) – өзгермелі ырғақ пен жылдамдық маңызды рөл атқаратын электронды музыка стилі.


1. А. Бестібаевтың «Азия дауысы»; А. Райымқұлованың «Дала сыры» атты шығармаларын төмендегі спойлерге басып тыңдап, салыстыр.
2. Бұл шығармалардың бейнесіне қандай мінездеме беруге болады?
3. Ол туралы өз пікіріңді қысқа эссе түрінде жаз.
4. Бұл шығармаларды интеллектуалды музыкаға жатқызуға бола ма?

Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова – композитор, танымал қоғам қайраткері.
1. Қазақстан заманауи музыка өнерінің қалыптасуы мен дамуына композитор Ақтоты Райымқұлова қандай үлес қосты?
2. Қазақстанның электронды музыкасына үлес қосып жүрген композиторлар жайында ақпарат іздеп пікір жазу модуліне жүктеңіз.


Әділ Бестібаев – композитор, Қазақстан Композиторлар одағының 
және Канада музыка орталығының мүшесі.


1. Интеллектуалды музыка деп қандай шығарманы атауға болады?
2. Заманауи электронды музыканың бағыттарын ата.
3. Өзің білетін заманауи музыка шығаратын композиторлар жайында әңгімеле.
4. Заманауи техника әдістері қолданылған А. Райымқұлова, А. Бестібаев, Қ. Шілдебаевтың шығармаларын ата.


АРМАН-АЙ
Халық әні


Ойлап тұрсаң, бұл дүние шолақ екен-ай.
Бұл адамдар бір-біріне қонақ екен-ай.

Қайырмасы:
Арман-ай, өтеді дүние-ай, жалған-ай.

Қызғалдақтай, құлпырған қайран жастық-ай
Қара жерге, қар жаумай солады екен-ай.

Қудым, дүние, өзіңді жалықпай-ақ-ай.
Ұстатпайсың, судағы балықтай-ақ-ай.

1. Әннің сөзіне көңіл бөл. Бұл ән не туралы?
2. Сенің ойыңша, бұл ән бізді неге үйретеді?
3. Тарихи әндерді интеллектуалды әндерге жатқызуға бола ма?
Толығымен

29-сабақ. ЖАН ЖАДЫРАТАР ӘУЕН

Сабақта:
1. Жан жадыратар жарқын әуенді әндермен таныс боламыз;
2. Әсет Найманбайұлы мен Дәнеш Рақышевтің әншілік мәнері туралы білеміз;
3. Тыңдалған әндерге талдаулар жасаймыз;
4. С. Қалиевтің сөзіне жазылған Х. Әбілжановтың «Әжетайым» әнін үйренеміз.


Тамылжыған, сазды, әуезді үн адам жанын ерекше тербейтін тылсым күшке ие екендігін талай ғұлама ғалымдар мен ойшылдар айтып кеткен. Данышпан Абай Құнанбайұлы ән-күй немесе жақсы бір әуеннің адам санасына әсері қандай болатындығы туралы көптеген терең, мағыналы пікірлер айтқан. Мысалы, «Құлақтан кіріп бойды алар, Жақсы ән мен
тәтті күй...» немесе «Жүрек тербеп оятар баста миды», «Әннің де естісі бар, есері бар, Тыңдаушының құлағын кесері бар...» немесе «Құр айқай бақырған Құлаққа ән бе екен?», – деген өлең жолдарында әннің әртүрлі мінезде болатындығын талдап берді.

Ақын, әнші, композитор Әсет Найманбайұлы 1867 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Бақты ауылында дүниеге келген. Әсеттің әке-шешесі кедей, шаруа адамдар болса да, Әсет ескіше оқыған көзі ашық адам болады. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі, әсіресе, айтыс жанрында кеңінен танылды. Ол Рысжан, Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмбет ақындармен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек таралғаны – оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әншілік дәстүрін жалғастырып, дамыта түсті. Оның «Кіші Ардақ», «Үлкен Ардақ», «Қарагөз», «Мақпал», «Інжу-маржан» т.б. әндері қазақ музыка мәдениетінің озық үлгілері қатарында тұрады.

Әсет Найманбайұлы (1867–1922)

Әсет Найманбайұлы әндерін төмендегі спойлерге басып қараңыз:

Халықтық өнердің інжу-маржанын бойына терең дарытқан өр талант иесі, бұлбұл үнді, жезтаңдай әнші – Дәнеш Рақышев есімі барша қазақ халқына, өнерсүйер қауымға кеңінен танымал. Жетісудың бұлбұлы атанған Қазақстанның халық артисі Дәнеш Рақышев 1926 жылы Жаркент өңірінде (Алматы облысы Панфилов ауданы Талды ауылы) дүниеге келген.
Тағдырдың жазуымен Қытайдағы Шығыс Түркістан өңірінде балалық, жастық шағын өткізген Дәнеш әнші алғашқы өнер жолын да осы өлкеде бастайды. Отбасынан өнерге құлағы қанық өскен Дәнеш 12–13 жасынан қолына алғаш гармонь, домбыра ұстап ән салған. Ән өнеріне құлай ынта қойған бала Дәнеш 15 жасында әнші-күйші, өнерпаздармен етене араласты. Осы тұста 1916 жылдың дүрбелеңімен туған жерден жырақ кеткен атақты әнші, ақын Әсет Найманбайұлының Қадырихан, Мәмет сынды шәкірттерінің қасына еріп, көптеген әндерін үйренеді.
1959 жылы атамекенге біржола табан тіреген әнші Дәнеш Рақышев шалқар шабытпен «Саясында алманың», «Жетісу», «Балжан-ай», «Соға кет» сияқты халықтық сарынмен астасып, өзіндік әуен ырғағымен ерекшеленіп тұратын жүзге тарта әндер шығарды.
Дәнеш Рақышев (1926–1992)


ӘЖЕТАЙЫМ
Әнін жазған – Халықберген Әбілжанов
Өлеңін жазған – Серік Қалиев

Маған деп жинаған
Тәтті құрт-майын.
Бар ауыл сыйлаған
Әжеме ән шырқайын.


Бейнежазба немесе үнтаспадан Дәнеш Рақышевтің орындауында Әсеттің «Қысмет» және төл туындысы «Жетісу» әндерін тыңда.
2. Әндерді салыстырып, талда.
3. Орындаушылық мәнеріне баға бер.
4. «Қамажай» әніне ырғақтық сүйемел жасай отырып, орында.

1. Дәнеш Рақышевтің ұстаздары кімдер?
2. Дәнеш Рақышев қандай атақты әнші-композитордың мұрасын жеткізді?
3. Дәнештің қандай әндерін білесің?

1. Ә. Найманбайұлының «Інжу-маржан» әнінің мәтінін тауып, қайырмасын жаттап ал.
2. Ә. Найманбайұлы және Д. Рақышев әндерінің аттарынан сөзжұмбақ құрастыр.
3. Қазақ әндерінің жанрларын ата.
Толығымен

30-сабақ. ЖАН ЖАДЫРАТАР ӘУЕН

Салған ән көлеңкесі сол көңілдің...


Сабақта:
1. Қазақ халқының саз өнерімен байланысты терапиялық түсініктерімен танысамыз;
2. Музыка жайында көне түсініктерді танимыз;
3. Тәттімбеттің «Қосбасар» күйін тыңдаймыз;
4. «Үкілім-ай» әнін үйренеміз.

Қазақ халқы музыканы, саз өнерін қашанда рухани азық көрді. Шыр етіп дүние есігін ашып келген соң-ақ «бала уатып», сарын арқылы өз қуанышы мен мұңын білдірді. Жігіт пен қыз шаңқобызын сарнатып музыка үнімен тілдесті. Ұзатылып бара жатқан қалыңдық «сыңсу» арқылы өзінің назын жеткізді. Тойда көппен «жар-жар» мен «беташар» айтылып, қуанышты бөліскен, сондықтан халқымыз үшін ән, өлең киелі болды. О дүниелік болған адаммен «жоқтап» қоштасса, бабаларымыз адам өлімін сөзбен емес, күймен естіртіп, көңіл қошын аулағаны да аңыздардан белгілі («Ақсақ құлан» күйінде ханның алдына оның баласының өлімін естіртуге келген Кетбұға домбырашы: «Балаң өлді, Жошы хан», деп күйді сөйлеткен деседі). Күй адамның жан жарасын ғана емес, үн дыбысымен ауырған адам мен жануарды да емдегендігі жайында аңыздар баршылық. «Нар идірген» халық күйінің аңызында «Көс, көс маям, көс маям, Айналайын, айналайын, жаным, жаным», деп қайғыдан екі көзінен жас парлап, желіні сыздап, тұрарға жер таба алмаған маяның алпыс екі тамырын қарт күйші күйдің көмегімен иітіп, емдеп берген екен. Әуен-саздың жанға дәру, бойға қуат беретін құдіретін Тәттімбеттің «Қосбасар» күйінің аңызынан байқаймыз. Күшікбай байдың жалғыз ұлы қайтыс болғанда, қайғыдан қан жұтқан әке өмірмен мәңгі қоштаспақ оймен түрлі әрекет жасаған соң, оны жұбатуға келген Тәттімбет табалдырықта отыра қалып бірінен соң бірін 62 «Қосбасар» күйін орындайды. Әуелі қайғылыларын орындаған соң соңында өмірдің сәулелі, жарқын жақтарын көрсететін күйлермен аяқтайды. Сонда басын көтерген Күшікбай: «Осынша жас жігіттің күйінде мұнша мұң болуы қайдан?», – деп сұрағанда, Тәттімбет оған: «Сіздің жаныңызда жалғыз ұлыңыздың қайғысы болса, менің күйімде бүкіл халықтың мұңы жатыр» деп жауап берген екен.




Төмендегі пікір жазу модулінде, пікіріңмен бөліс:

1. Тәттімбеттің «Қосбасар» күйінің аңызы мен әуен сазы сәйкес келе ме?
2. Күйдің сипаты қандай? Мұнда сарыуайымға салыну бар ма?
3. «Қосбасар» күйінің аңызынан қандай ой түйдің? Пікіріңмен бөліс.


Төмендегі пікір жазу модулінде, пікіріңмен бөліс:

1. Әр халықтың музыкатерапия (музыканың емдік қасиетіне сенім) жайындағы түсініктерін іздестір.
2. Бұл түсініктерде ұлттық айырмашылықтар бар ма?








ҮКІЛІМ-АЙ
Халық әні

1. Арғы жағы Еділдің, бергі жағы,
Жағасында жайқалған жапырағы.


Қайырмасы:
Үкілім-ай, көкем-ай,
Сағындым, сәулем, бір сені ойлай.


2. Ата-анамды сағынып әнге салдым,
Бауырымның хабарын алмағалы.


Қайырмасы:

3. Ақ қағазға хат жаздым қалам алып,
Жүрек сырын қозғалтып әнге салып.

Қайырмасы:


1. Әннің сөзіне көңіл бөл. Бұл ән тыңдаушы мен орындаушының көңіл күйіне қалай әсер етеді деп ойлайсың?
2. Қазақ халқының өмірінде ән, саз өнері қандай маңызға ие болды?

Толығымен

31-сабақ. МУЗЫКА ЖӘНЕ ТЕХНОЛОГИЯ

Сабақта:
1. Бейнеойындар музыкасының бағыттарымен танысамыз;
2. Бейнеойындар музыкасының ерекшеліктерін білеміз;
3. Осы бағыттың терминдерімен танысамыз;
4. Димаш Құдайбергеновтың орындауында «Moonlight over the sea» атты әнді тыңдаймыз.

Көңіл көтерудің формасы ретінде бейне ойындар 1970 жылдары пайда болғанда, олардың музыкасы кассета мен грампластинка таспаларына жазылды. «Sony» компаниясының бесінші буынындағы ойындарында композициялар ойындардан бейтарап жазылды жəне музыканттар компьютер бағдарламаларын білуге міндетті емес еді. Бейнеойындар музыкасына электропоп стилінде ойнайтын Yellow Magic Orchestra секілді топтар əсер еткен болатын. Мұндай əндердегі төрт я одан көп аккордтан құралған J-Pop стиліндегі немесе 1980 жылдардың поп-музыкасына ұқсас «шумақ» жəне рок- жəне поп-музыка бағытындағы «қайырмадан» құралады.
Компьютерлік ойындар музыкасы «чиптюн», «нинтендокор» жəне «битпоп» сынды музыкалық бағыттардың негізін құрады. Композиторлар мен оның тыңдаушы жанкүйерлері қазіргі кезде ойын музыкасын ойыннан тыс бағалауда. Осы бағыттың «пионері» Коити Сугияманың «Dragon Quest» атты ойын музыкасы сериясының авторы. 1986 жылы алғашқы ойын шыққан соң-ақ, Лондон филармониялық оркестрінің орындауында жазылған компакт-диск шығарылды. «Squaresoft» компаниясының сəтті жобаларынан соң, 1990 жылдары əлемдегі ойын музыкасының даңқы арта түсті. Ойын музыкасына Ирландияда «жанды» дауыста ішекті аспаптардың орындауында жазылған кельт музыкасының лайықтаулары негіз болды. 2000 жылдардың басында əуесқойларға арналған «Touhou Project» ойындар сериясы танымал бола бастады. Додзин мəдениетінің ерекшеліктеріне сай әуесқой музыканттарға додзин музыкасының аранжировкаларымен өз дискілерін шығаруға мүмкіндік берілді. Əр жыл сайын Жапония, Германия, АҚШ, Аустралияда толық ойын композицияларынан құралған ойындар музыкасы мен аниме концерттері өткізіліп отырады.


Қазақстанның заманауи эстрадасы тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары үлкен деңгейге көтеріліп, әлемдік аренаға шықты. Димаш Құдайбергенов Витебск қаласында өткен XXIV Халықаралық эстрадалық ән орындаушыларының «Славян базары – 2015» байқауында Гран-приді жеңіп алды. 2015 жылы 28 қазан күні Стамбулда да Димаш Құдайбергенов «Abu TV» Халықаралық Азия–Тынық мұхит фестивалінде Қазақстан Республикасының атынан алғаш рет қатысты.


2017 жылғы 27 наурызда Қазақстанның сүйікті әншісі Димаш Құдайбергенов «Top Chinese Music Awards» номинациясының жеңімпазы атанды.
Әншінің PR-директоры Алпамыс Шаримовтың айтуы бойынша, біздің әнші «Азиядағы ең атақты әнші» номинациясын жеңіп алды. Марапаттау рәсімі кезінде Димаш «SOS d’un terrien en détresse» әнін орындады. Оның репертуарында қазақтың халық әні «Дайдидау», Константин Меладзенің «Опять метель», француз әншісі және композиторы Даниэля Балавуанның «Стармания» рок-операсы, Витас пен Майкл Джексонның репертуарынан: «Dangerous», «Billie Jean», «The Way You Make Me Feel» және «Earth song» сияқты шығармалары бар.

1. Димаш Құдайбергеновтың орындауында «Ocean Over the Time» аудио және бейнеклипін төмендегі спойлерге басып көріңіз.
2. Димаш Құдайбергеновтың орындауында бұл ән қай жерде тұңғыш рет орындалды?
3. Композициядағы кейіпкерлерге мінездеме бер.


МЕН ҚАЗАҚПЫН
Сөзі: Жұбан Молдағалиев

Орындаушы: Ерболат Кудайбергенов

Сол жақта әндегі мәтін (Әнде мәтін өзгертілген).                          

Мен қазақпын мың өліп мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Қашан қазақ атандым мен азандап? –
Әлі күнге дейін білмейсің, ей, адамзат.
Есіміме береді бала жасын
Құлпытасты шұқыған кей адамзат.

Қайырмасы:
Бұл кім десең? 
Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген.
Көк байрақ туым бар, елім бар, жерім бар, оооооо.
Бұл кім десең? 
Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген.
Көк байрақ туым бар, елім бар, жерім бар, оооооо.
Па, шіркін! Япырмай!!!

«Ару – жолда, мал – төрде, бала – белде»,
Уайым түбі теңіз ғой, бара берме, ооооо
Жігер керек, жыр керек, жалау керек,
Қайрат күйі боп төгіл қаралы елге, ооооо.
Па, шіркін!

Қайырмасы:
Бұл кім десең? 
Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген.
Көк байрақ туым бар, елім бар, жерім бар, оооооо.
Бұл кім десең? 
Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген.
Көк байрақ туым бар, елім бар, жерім бар, оооооо.
Па, шіркін! Япырмай!!!
Мен қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тілімен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Руым көп солардың аттарындай,
Мінезім бар таулардың қатпарындай.
Жырым бар бабалар хаттарындай,
Әжімім бар бейнеттің таптарындай.

Қашан қазақ атандым мен азандап,
Әлі күнге білмейсің ей адамзат.
Адамзат есіміңді береді,
Бара жатсын құлпы тасты жұтаған кей адамзат.

Қайырмасы:
Бұл кім десең, мен қазақпын,
мың өліп, мың тірілген,
көк байрақ, туым бар, елім бар, жерім бар.
Мен қазақпын мың өліп,
мың тірілген жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім күн тұтылып
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген
Мен қазақпын қырғыз болып туысқанмын
бірге тартқан тарланның құйысқанмын
Арамызда қара көз бір қыз бәлкім,
бөліп берген егізге уыс нанның
Мен қазақ бір биік елеспін
мен еуропада, азияда емеспін
Мен аралықпын жетінші материктей
тіл байрақ барша адаммен теңестім мен
Мен қазақпын байтақ елім
қайта тудым өмірге қайта келдім
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске
айта бергім келеді айта бергім!

Қайырмасы:
 




1. Әннің сөзіне көңіл бөл.
2. Сенің ойыңша «қазақ», «исі қазақ» ұғымдары осы әнде қалай көрсетілген? Пікіріңізді жазыңыз.
3. Бұл ән поп музыканың қандай бағытына жатады? Пікіріңізді жазыңыз.

Пікір жазу модулінде:
1. Компьютерлік ойындар музыкасының бағыттарын ата.
3. Өзің білетін J-pop және Q-pop музыка шығаратын сазгерлер жайында білесің бе?
4. Компьютерлік ойындарда музыка қандай жағдайда қолданылады?
Толығымен

32-сабақ. ДЫБЫСТАУ ЖӘНЕ МУЗЫКАЛЫҚ ӘРЛЕУ

Сабақта:
1. Музыкалық-компьютерлік бағдарламалардың қолданылуын үйренеміз;
2. Музыкалық-компьютерлік бағдарламалардың заңдылықтары жайында мәліметтер аламыз;
3. Музыкалық-компьютерлік бағдарламалардың негіздерін игереміз.

Музыка – біздің өміріміздің ажырамас бөлігі болып табылады. Қазіргі жаһандану заманында музыкалық-компьютерлік технологиялар жан-жақты қолданысқа ие болып келеді. Осы күнгі заман талаптарының бірі – дамыған инновациялық технологияларды кеңінен қолдану. Қазіргі таңда музыкалық-компьютерлік бағдарламалардың мүмкіндіктері мол. Біреулер бұл бағдарламаларды музыканы өңдеу үшін, редакциялау үшін, ал кейбіреулер компьютерде музыка тыңдау үшін пайдаланады. VideoShow, Windows Movie Maker, Audacity, Soundation, Киностудия сияқты компьютерлік бағдарламалар арқылы көптеген ойларды іске асыруға болады. Windows Movie Maker – бейнематериал құру және оны өңдеуге арналған бағдарлама. Бұл бағдарламаның мүмкіндіктері өте көп:

а) сандық видеокамералар арқылы бейнематериалдар алу;
ә) суреттер арқылы слайд-шоу жасау;
б) бейнематериалды қию және жалғау;
в) аудио дыбыстар жолын қою;
г) тақырыптар мен титрлерді қою;
д) бейне фрагменттердің арасында ауысулар жасау;
е) қарапайым эффектілер қою және тағы басқалар.

Audacity музыкалық және сандық файлдарды редакциялауға арналған үздік бағдарламалардың біреуі болып саналады.

Windows Movie Maker бағдарламасында бейнекамераның, веб-камераның немесе басқа да бейне құрылғылардың көмегімен компьютерде аудио және бейнежазбалар арқылы фильм құруға болады. Өзімізге қажетті фильм құру үшін дайын суреттерді, аудио және бейнематериалдарды импорттау арқылы қолдануға болады. Қажетті аудио және бейнематериалдарын таңдап алғаннан кейін белгілі бір тақырыпқа негізделген, бейнеауысым және эффектілерді қолданып, дайын фильм құра аламыз.

1. Windows Movie Maker қандай бағдарлама?
2. Windows Movie Maker бағдарламасында фильм құру үшін нені пайдаланамыз?
3. Audacity, Soundation бағдарламалары неге арналған?
4. Музыкалық әрлеулер қолдана отырып, слайд-шоу жасау.
5. Видеоларды қию және жалғау.
6. VideoShow, Movie Maker, Киностудия бағдарламалары арқылы мини-бейнеклип жасау.
7. Audacity, Soundation бағдарламалары арқылы музыкалық өңдеулер жасау.
Толығымен

33-сабақ. ЖОБАНЫ ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ ҚҰРАСТЫРУ

Сабақта:
1. Жобаның тақырыбын анықтаймыз;
2. Жобаның жұмыс жоспарын құрамыз;
3. Ақпаратты іздейміз;
4. Топтарға бөлінеміз.

Тапсырма:
1. Бірнеше топқа бөлініп, өтілген тақырыптарға сай ұсынылатын жобаларды таңдаңдар: «Интеллектуалды музыка», «Жан жадыратар әуен», «Музыка және технология», «Дыбыстау және музыкамен көркемдеу».
2. Жобаның мақсатын анықта.
3. Жобаның тақырыбына сәйкес әртүрлі деректерден ақпарат ізде.
4. Жобаның жұмыс жоспарын құр.
5. Топтарыңда жоба тақырыбын талқылаңдар.

Үлгі:
Жоба тақырыбы: «Интеллектуалды музыка» (1-нұсқа)
Жоба мақсаты: Интеллектуалды музыкамен танысу.

Міндеттері:
- интеллектуалды музыка жайында материалдар табу;
- интеллектуалды музыка жайында слайд дайындау;
- интеллектуалды музыка жайында баяндамаға дайындалу.

Жұмыс нәтижелері:
- Интеллектуалды музыка жөнінде презентация дайындау.
Жоба тақырыбы: «Интеллектуалды музыка» (2-нұсқа)
Жоба мақсаты: Интеллектуалды музыканың бағыттарымен танысу.

Міндеттері:
- интеллектуалды музыка жайында материалдар табу;
- интеллектуалды музыка бағыттары туралы слайдтарды дайындау;
- интеллектуалды музыка авторлары туралы слайд-шоу дайындау.

Жұмыс нәтижелері:
- Баяндама, слайд-шоу, постер, т.б.;
Жоба тақырыбы: «Жан жадыратар әуен»
Жоба мақсаты: Оқушылардың өздері ұнататын әні, орындаушысы туралы жоба дайындау.
Әр топқа белгілі бір стильдегі музыка туралы дайындауға тапсырма беруге болады.

Міндеттері:
- өздері ұнататын композитордың шығармашылығы жайында мәліметтер табу;
- өздері ұнататын әншінің өмірі жайында шағын әңгіме дайындау;
- музыкалық материал (ән әуендерінен үзінділер) дайындау.

Жұмыс нәтижелері:
- «Менің (біздің) сүйікті әніміз (әншіміз, т.б.)» слайд-шоу немесе постер дайындау.

Жоба тақырыбы: «Музыка және технология»
Жоба мақсаты: Музыканы әрлейтін, өңдейтін бағдарламалармен танысу.

Міндеттері:
- музыкалық технологиялар жайында мәліметтер табу;
- музыка әрлейтін бағдарламалар жайында слайд-шоу жасау.
- «нинтендокор» жəне «битпоп» сынды музыкалық бағыттар туралы қысқа эссе жазу.

Жұмыс нәтижелері:
- әртүрлі тақырыптарға компьютерлік бағдарламалар арқылы музыкалық әрлеулер мен өңдеулер жасау, слайд-шоу, эссе.



Толығымен

34-сабақ. ЖОБА НӘТИЖЕЛЕРІН ҰСЫНУ

Сабақта:
1. Өз жұмысымыздың нәтижелерін ұсынамыз, қорғаймыз;
2. Жұмыс нәтижелерін сыныптың, жюри мүшелерінің алдында ұсынып үйренеміз;
3. Өз жұмысымызды және сыныптастарымыздың жұмысын бағалауды үйренеміз;
4. Өз жұмысымызды жетілдіріп үйренеміз.

Үлгі:
Жоба тақырыбы: «Дыбыстау және музыкалық әрлеу» 

Жоба мақсаты: музыкалық әрлейтін әртүрлі бағдарламалармен таныстыру.

Жоба түрі: Жеке жұмыс.

Пайдаланылған дереккөздер: Желі ресурстары, аудио және видеоматериалдар.

Таныстырылым: Өзіңнің аудио немесе бейне өңдеу жұмыстарыңды таныстыр.

Бірге талқылаңдар:
1. Audacity, Soundation, Windows Movie Maker қандай бағдарламалар?
2. Windows Movie Maker бағдарламасын фильм құру үшін қалай пайдаланамыз?
3. Компьютерлерге арналған музыкалық бағдарламалар қай жылдары пайда болды?
Толығымен