6-сабақ. ҚАЗАҚТЫҢ КӘСІБИ МУЗЫКАСЫ. Жазбаша кәсіби музыка
Сабақта: 1. Қазақстанның кәсіби академиялық музыкасының жанрларымен танысамыз;
2. Қазақстанның симфониялық, фортепианолық және вокалды музыка жазған композиторларымен танысамыз;
3. Симфониялық күй жанры туралы дерек аламыз;
4. Қазақстан композиторларының симфониялық, фортепианолық және вокалдық шығармаларын тыңдаймыз;
5. Б. Байқадамовтың «Домбыра» әнін үйренеміз;
6. Қазақ фортепиано музыкасының іргетасын қалаған және қазақтан шыққан тұңғыш пианист жайында мағлұмат аламыз.
Қазақтың академиялық кәсіби музыкасының қалыптасуы ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Қазақстан композиторлары симфониялық увертюра, симфониялық поэма, симфониялық сюита жанрларын игеріп, ХХ ғасырдың 30–40-жылдарындағы бұл бағыттағы шығармалардың əуендік негізі халықтық дайын əуендерге сүйенді. Осы кезеңнің симфониялық музыкасына Е. Брусиловский, А. Жұбанов, М. Төлебаев зор үлес қосты. Күйдің дүниетанымдық, философиялық заңдылықтары мен заманауи тəсілдердің үйлесімі Ғ. Жұбанованың «Жігер» симфониясынан көрініс тапқан. Бес бөлімінің əрқайсысында ұлы сазгер Дəулеткерейдің күйлері шығарманың басты идеясын адам тағдыры мен жеке тұлғаның өмір күйзелістерін жеңуін жеткізеді. Симфонияның 4-бөліміндегі шарықтау шыңында «Жігер» күйі орган аспабымен орындалады.
Бұл тəсіл арқылы симфонияның басты идеясы бүкіл əлемдік сипат алады. Қазақстан симфониялық музыкасының жаңа белесі симфониялық күй жанрының туындауымен байланысты. Е. Рахмадиевтің «Дайрабай» жəне «Құдаша-думан» симфониялық күйлері – төкпе күй құрылымының негізінде симфониялық оркестрмен орындалған шығармалар.
ХХ ғасырдың 60–70-жылдарынан бастап Қазақстанның симфониялық туындыларында бірнеше ұлттық мектептер дараланды. Олар қазақ, орыс, ұйғыр, дүнген, корей, т.б. Əсіресе ұйғыр мектебінің көрнекті өкілі Құддыс Қожамияров пен дүнген симфониялық музыкасының негізін салушы Бəкір Баяхунов сынды композиторлар осы бағыттағы музыкаға зор үлес қосты. Олардың туындыларында симфонияның заңдылықтары өз халықтарының дəстүрлі музыкасының көркем тіл жүйесімен үйлесім табады.
ХІХ ғасырда дамуы биік шыңға жеткен қазақтың əн мəдениеті ХХ ғасырда өз жалғасын тауып, жаңа белеске көтерілді. Ол ХХ ғасырдың 30–40-жылдарында ел ішінен халық əндерін жинап, фортепиано сүйемелдеуімен орындалатын вокалды өңдеулер жасаған А. Затаевич, Б. Ерзакович, М. Төлебаев, Л. Хамидидің туындыларынан басталды. ХХ ғасырдың 50–60-жылдарында қазақ романсының классикалық үлгісін Мұқан Төлебаев қалыптастырды.
Мұқан Төлебаевтың мемориалды мұражайы (Алматы облысы)Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет Мұқан Төлебаевтың мемориалды мұражайыҚазақ опера мұрасының алтын қорын байытып, әлемдік опера деңгейімен теңестірген алғашқы ұлттық сазгерлеріміздің бірі – Мұқан Төлебаев. М. Төлебаев КСРО-ның халық артисі, КСРОМемлекеттік сыйлығыныңлауреаты, аса көрнекті композитор, қазақ музыкасының классигі, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі. М. Төлебаев 1913 жылдың 13 наурызында қарт Балқаштың жағалауындағы Қарашыған атты ауылда, Бөрлітөбе ауданына (қазіргі Сарқан ауданы) қарасты «Үлгі» колхозында дүниеге келген. Композитордың әкесі – Төлебай Үйсінбайұлыреволюцияға дейін мал бағу, егін салуды кәсіп еткен, «Үлгі» колхозын ұйымдастыруға қатысқандардың бірі болған, анасы – Тәжібала Ақшалқызы бетіне ешкімді келтірмеген адуынды, бірбеткей кісі болыпты. Сондықтан да ол ескі әдет-ғұрыптың шеңберіне сыймай, өнер жолына өз тірлігімен, өз талабымен мүмкіндік алған дарынды ана. Қай адамның болмасын қалыптасуына, азаматтық қасиеттерінің айқындалуына оның айналасы әсер етпей қоймайды. Бұл ретте Мұқанның бала жастан бастап ауыз әдебиетінің бай үлгілерінен сусындағанын атай өткеніміз орынды. Көкірегі ояу айтыскер ретінде танылған өз анасы Тәжібала мен сүйегіне сөз сіңген әкесінің інісі Апырбайдан талай жыр-қиссаларды, есімі елге белгілі салқам сері Құл ақынның өлеңдерін ұзақ түнге тыңдап өскен. Жас Мұқанның өнерге деген құштарлығын ұштауына, кейіннен ұлы композитор болып қалыптасуына осы адамдардың ықпалы тигені сөзсіз.
Мұражайдың құрылуы
Осындай дарынды ұлы композитордың құрметіне ашылған мұражай ғимаратының іргетасы 1941 жылы қаланды. Сол кезден бастап 1983 жылға дейін тұрмыстық комбинат мекемесі ретінде қолданыста болды. Кейіннен 1983–1993 жылдар аралығында ғимарат әскери комиссариаттың қолданысына берілді. Ал 1993 жылдан бастап М. Төлебаевтың мемориалды мұражайы ретінде қызмет атқара бастады. Мұражай даңқты композитордың 80 жылдық мерейтойына орай ашылған. Мұражайдың ашылуына композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Е. Рахмадиев, сол кездердегі Талдықорған облысының әкімі С. Ақымбеков, Бөрлітөбе ауданының әкімі А. Тұрғанбеков, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Р. Есдәулетов, М. Тынышпаев тарихи-өлкетану мұражайының директорыК. Нұртаев және мұражайдың алғашқы директорлары болған Г. Төлеубаева, Мұқан Төлебаевтың немере інісі, марқұм Қ. Дүйсембековтер зор үлес қосты. Ал 1994 жылы мұражайдың алдына аса көрнекті композитор Мұқан Төлебаевты мәңгі есте қалдыру мақсатында ескерткіш қойылды. Мыстан құйылған мүсіннің авторы Едіге Рахмадиев. Мұражайда музейлік маңызы бар материалдар саны – 1422 болса, оның 673-і негізгі қорды, 749-ы көмекші қорды құрайды. М. Төлебаев аз ғана ғұмырында өнер көгінде өшпес ізін салып үлгерген құйрықты жұлдыз іспетті. Кең құлашты, мол тынысты, шалқар шабытты образға беріле отырып, өнер әлеміне көптеген классикалық шығармалар әкелді. Соның бірі әлемдік деңгейде жазылған «Біржан–Сара» операсы. Ол саз мектебінің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихқа енген. Мұражайда М. Төлебаевтың 500-ден аса құжаттары мен пайдаланған заттары бар. Киген киімдері, ғылыми құндылығы жоғары еңбектері «Біржан–Сара» операсының, «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Жеңіске» әндерінің түпнұсқасы, өз қолымен жазған классикалық, симфониялық шығармалары, әндері мен романстары, қолтаңбасын қалдырған музыкалық аспаптары, т.б. заттары аса ұқыптылықпен сақталған.
Мұражайдың ішкі бөліктері
Мұражайдың әр залы композитор өмірінің, яғни өмір есігін ашқан кезеңнен бастап жарық дүниеден озғанға дейінгі бағындырған белестерін бейнелеп тұратын үш экспозициялық залдан тұрады. Ондағы құжаттар арқылы сазгердің кешегі Одақ көлемінде аты мәшһүр болғанын көруге болады. Сонымен қатар композитордың 1942–1944 жылдары Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері қызметін атқарған кезеңінен сыр шертетін естеліктер де қызықтырмай қоймайды. Қазір қолданыста жоқ, сол заманның ұлттық аспаптары, сахналық киім үлгілері жайлы мол түсінік қалыптастыруға болады. Ал бүгінгі күнде біртуар қазақтың маңдайалды жұлдызынан қалған шаңырақ өз мекенінің мақтанышына айналған. Мұражай экспозициясынан композитордың шеберлікті шыңдау жолындағы ізденістері, азаматтық, адамгершілік бітім-болмысы, үлкен өнерге деген ынта-жігері кеңінен көрініс береді.
М. Төлебаев мемориалды мұражайының экспозициясының тақырыптары:
М. Төлебаевтың отбасы мен балалық шағы;
М. Төлебаевтың отбасына тиесілі тұрмыстық заттар;
Өлкеден шыққан ақын-сазгерлер;
М. Төлебаевтың өнер жолының басталуы;
Әлемдік деңгейдегі классиктер;
Қазақ сазгерлері;
Мұқан Төлебаевтың өмірінің соңғы жылдары және оның есімін мәңгі есте қалдыру.
Мұражайдың алға қойған басты мақсаттарының бірі – Мұқанның кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл қазына, құнды еңбектерін жинақтап, өмірі мен қызметін зерттеу, оның еңбектері, жазған шығармаларының терең сырлары мен көркемдік ерекшеліктерін көпшілікке таныстыру. Композитор М. Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойының қарсаңында мұражай қызметкрлері ғылыми-зерттеу және жинау жұмыстарын жүргізуде. Мұражайда жыл сайын даңқты композитор құрметіне әдеби-сазды кештер ұйымдастырылып, өмірі мен шығармашылығына байланысты лекциялар оқылып, әңгіме-сұхбаттар жүргізіліп, көрмелер ұйымдастырылып отырады. Олардың қатарында Балқаш көліне келген демалушылар, шетелден келген қонақтар, ақын-жазушы, композиторлар да бар. Көпшілік бұл мұражайды сазгеріміздің «Қара шаңырағы» деп атайды. Келген көрермендерге музейде өткен экскурсиялар М. Төлебаев өмір сүрген ғасырдан сыр шертіп, бір ғасыр кейінге шегінгендей үлкен әсер қалдырады.
Оның Ұлы Отан соғысы жылдарында шығарған «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» романстары – осы бағыттың үздік үлгісі. Вальс жанры Қазақстан музыкасында Л. Хамидидің есімімен байланыстырылады. Оның «Қазақ вальсі», «Көктем вальсі», «Бұлбұл» əндері қазақ əндерінің «алтын қорына» қосылды. Л. Хамидидің жолын «вальстің королі» атанған Шəмші Қалдаяқов жалғастырды.
Н. Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңызын», Б. Төлегенованың орындауында Л. Хамидидің «Бұлбұл» әнін және М. Төлебаевтың «Тос мені тос» романсын тыңдаңдар.
1. Н. Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңызы», бұл туындыға сипаттама бер, музыка ырғағының ерекшелігін қалай түсіндірер едің?
2. Б. Төлегенованың орындауында Л. Хамидидің «Бұлбұл» туындысында музыка нені бейнелеп тұр?
4. «Романс» тақырыбына синквейн ойлап табыңдар.
Гүлжауһар Шомбалова (1919–1958)
Гүлжауһар Шомбалова – қазақтан шыққан тұңғыш пианист, музыкатанушы, өнертану кандидаты. Ол – ноғай-қазақ биі, Жәңгір ханның жақтасы Шомбал Ниязовтың қызы. 1919 жылдың 20 желтоқсанында Орал облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1935 жылы музыкалық техникумға түсіп, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1940 жылы оқуын үздік тамамдаған соң, осы оқу орнында ұстаздық еткен. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында өнерімен жауынгерлердің рухын көтерген Г. Шомбалова бірнеше дүркін төсбелгілермен марапатталды.
1943 жылы Алматыдағы «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары түсірген «Домбыра үнімен» атты Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, т.б. қатысқан фильм-концертке түскен. 1944 жылы Алматы консерваториясына музыкатану мамандығына түсіп, әрі бұл оқу орнында фортепиано сабағының оқытушысы болып қабылданады да, оқуын П. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясында аспирантурада жалғастырып, ғылыми зерттемесін қазақ музыкасын ХІХ ғасырда зерделеген орыс ғалымдары мен саяхатшыларының еңбектеріне арнады (1955 жылы кандидаттық диссертация қорғады). Г. Шомбалова 39 жасында дүниеден өтті.
Айыпқызы (1919–1958) – кәсіби музыкалық білім алған алғашқы қазақ қызы, тұңғыш пианист, әрі музыкатанушы ғалым. Әкесі Айып – Жәңгір ханның саяси жақтастарының бірі, сенімді серіктесі болған ноғай-қазақ руының атақты биі Шомбал Ниязовтың тікелей ұрпағы. Гүлжауһар Шомбалова 2-курста оқып жүргенінде-ақ 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Гүлжауһар Айыпқызы Ұлы Отан соғысы жылдары филармония әртістерімен бірге еліміздің шығыс шебіндегі әскери бөлімдер мен госпитальдерде өнер көрсетеді. 1958 жылғы мамыр айында Мәскеу консерваториясының Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғаған Гүлжауһар Айыпқызы еліміздегі алғашқы музыкатанушы ғалым қыздардың бірі ретінде осы саланың көшбасшысына айналады. Диссертациялық кеңестің жұмысына академик Әлкей Марғұлан да қатысып, еңбекке жоғары баға береді. Гүлжауһардың жұбайы Құлахмет Қожықов – қазақтың алғашқы суретшілері тобынан. Ол – Сырдария облысындағы «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі, ғалым, қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықов пен ұлттық қолданбалы өнер шебері, республикамыздағы тұңғыш драма және опера театрларында киім тігуші халық ісмері Ләтипа Қожықова-Лапинаның ұлы. Өкінішке қарай, талантты ғалым, шебер орындаушы-пианист диссертация қорғағаннан кейін бірнеше айдан соң, 39 жасқа толар-толмаста ауыр науқастан қайтыс болады. Қос шығармашыл тұлға – Гүлжауһар мен Құлахметтің отбасында Сәуле және Гүлнәр есімді екі қыз дүниеге келген. Үлкен қызы Сәуле Қазақ мемлекеттік университетінде ағылшын тілінен сабақ берді. Сонымен қатар Сәуле – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақтан шыққан тұңғыш импресарио. Дерек көз: Хабдина Б. Өнер Қарлығашы. Ана тілі, 2020.
Нағым Меңдіғалиұлы Меңдіғалиев (1921 жыл – 2006 жыл) — қазақ сазгері, ҚазССР-нің еңбегі сіңірген өнер қайраткері, профессор. 1921 жылы Орал облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын фортепиано (доцент Е.Ф. Гировскийдің класы) және композиция (профессор Е.Г. Брусиловскийдің) мамандықтары бойынша бітірген. Меңдіғалиев атымен қазақ музыкасындағы фортепианолық музыка жанрының қалыптасуындағы жетістіктер тығыз байланысты. Бірінші кәсіби пианист-қазақ, ол көптеген миниатюралардың, фортепианоға арналған алғашқы концерттердің авторы, оның шығармалары музыкалық мектептер, училищелер мен консерваториялардың оқу-әдістемелік репертуарына еніп, тыңдаушы аудиториясының ықыласына ие болды. Оның «Домбыра туралы аңыз» атты концерттік пьесасы қазақтың фортепианолық музыкасының көрнекті үлгісіне айналды. Оның «Дала», «Толқын», «Елім-ай» шығармаларына жылы және шыншыл лирика тән. Меңдіғалиев Абайдың «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол...», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...», «Жазғытұры», «Кейде есер көңіл құрғырың...», «Мен сәлем жазамын...» деген өлеңдеріне ән жазды.
ДОМБЫРА Бақытжан Байқадамов
Бұл домбыра тоғыз перне тағылған, Аққан судай серпіп, шалқып ағылған. Тарта білсең дұрыс қойып, Дұрыс қойып тиегін, Кеңітеді көңілдің көк, Көңілдің көк жиегін.
Бұл домбыра тартып сырды жүректен, Талай ғасыр махаббатты жыр еткен. Қоссаң әнге ашылады, Ашылады көңілің Құлпырады гүл-гүл жайнап, Гүл-гүл жайнап өмірің.
Бұл домбыра бұлбұл құстай сайраған, Ұлы күшке қуатыңды қайраған. Күлкісіндей жанға тәтті, Жанға тәтті қалқаның. Сол себептен домбырамды, Домбырамды тартамын.