17-сабақ. МУЗЫКА ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ. Қазақ музыкасы

  

Сабақта:
1. Қазақ поэзиясының заңдылықтары және өлшемдерімен танысамыз;
2. Қазақтың дәстүрлі өлең түрлері және Абайдың жаңашылдығы жайында мағлұмат аламыз;
3. Қазақ әнінің құрылымдық ерекшеліктерінің даму сатыларынан дерек аламыз;
4. Халық әні «Қамажайды» үйренеміз;
5. Тақырып бойынша сұрақтарға жауап береміз.

Қазақ өнерінде музыка мен поэзия әрдайым егіз, біртұтас болып келеді. Сал, серілер әрі композитор, әрі ақын еді. Сондықтан қазақта «өлең» сөзі ән мағынасында қолданылып келді. Қазақ әнінің әр тармағында буын санының өзгермеу заңдылығы бар. Оны силлабика дейміз. Сондықтан дәстүрлі әндерде кездесетін өлең түрлері: 11 буыннан тұратын «қара өлең» және «жыр» деп аталатын 7–8 буынды өлеңдер. 7–8 буынды өлеңдер ертеректегі әдет-ғұрып сарындары, жыр және тұрмыс-салт әндерінде қолданылса, кейінірек 11 буынды «қара өлең» үлгісі пайда болды. Бұл өлең үлгілері сал, серілер шығармаларында жалғасын тауып күрделенді. Халық әндеріндегі ән мен өлең мәтінінің құрылымы дәл сәйкестік тапса (өлең жолы біткенде әуен саздың тоқтап кідіруі), сал, серілер туындыларында өлең жолы аяқталғанда ән әуені келесі жолға өтіп, өлеңнің екі жолын жалғап отырады (өлең мен әннің асинхронды сабақтасуы). Сал, серілер шығармашылығында ән құрылымы да өзгереді. Егер әдет-ғұрып әндерінде бір дыбысқа өлеңнің бір буыны сәйкес келіп, 1–2 жолды ән кеудесі қайырмасыз немесе бір сөзден құралған қайырыммен аяқталса (жар-жар, көш-көш, ау-жар), ХІХ ғасырдың кәсіби әнінде төрт жолды әндер, 6, 8 және одан да көп жолды шумаққа дейін ұзарып (Абай, Шәкәрім), қайырмасы шумақтан екі есе ұзақ (Біржан сал) немесе бірнеше қайырмадан (Естайдың «Құсни-Қорланы», Кененнің «Көкшолағы») құралды.
Абай мен Шәкәрім әндерінде тұңғыш рет жаңа өлең өлшемдері қолданылды. Абайдың 
«Көзімнің қарасында» симметриялы алты буын (3+3), ал «Бойы бұлғаң» (4-4-7-4-4-7) және «Сегіз аяқ» (ән атауы сегіз жолды шумақты білдіреді) (5-5-8-5-5-8-8-8), буын саны әркелкі, ауыспалы өлшемді әндер қатарында. Шәкәрім әндерінің басым бөлігі жаңашыл өлең өлшемдерінде шығарылды. Оған «Жастық» (5-5-7-5- 5-8-8-7), «Ажалсыз әскер» (10 буын), «Шын сырым» (6-6-6-6-11-12), «Насихат» (15 буын), ««Таң» журналына жаңа әнмен байғазы» (3-3-5-3-3-5-9-7), «Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек», т.б. әндері дәлел.
Абай мен Шәкәрімнің өлең жаңашылдығы Мағжан Жұмабаев және қазіргі заманауи Ш. Қалдаяқов, І. Жақанов, Н. Тілендиев, Е. Хасанғалиев, Ә. Бейсеуов, т.б. сазгерлердің әндеріне өлең жазған ақындардың мәтіндерінде жалғасын тапты. Мәселен, Ш. Сариевтің өлеңіне жазылған Ж. Тұяқбаевтың «Атамекен» әнінің құрылымы 3-7-3-7-8-7-10 болып дамытылады. Ән көркем мазмұн мен поэзиялық бейне болмысының тұтастығы болғандықтан, әннің мән-мағынасы әр тарихи даму сатысында өзгеріп отырды. Әдет-ғұрып сарындары алғашқы сатысында – зар, қоштасу лирикасы болса, 2-сатысында тұрмыс-салт әндері деңгейінде – қоршаған табиғат, Отанға, анаға, нәзік жандарға сүйіспеншілік (қамшы өлең, сүйек өлең, тау өлең, балық өлең, шай, өлең, т.б.), суырып салма шеберлігі (өлең туралы өлең), тарих болса, 3-даму сатысында сал, серілер әндерінде аталған тақырыптарға ән табиғаты мен әншінің орындаушылық шеберлігі, өмірдің өтпелілігі тақырыптары қосылды. Ақындық дәстүрден туындаған ХІХ ғасырдағы кәсіби әннің көркем келбетінде ежелгі дәстүрдің елесі айқын сезіледі. Кәсіби әннің ақындық дәстүрден тараған қасиеттерінің бірі – ақындардың өз пірін шақырғандай, әннің биік дыбыс иірімінен басталуы және тыңдармандарға өзін таныстыру, әндердің тақырыбынан байқалады. Мұндай әндерде серілер өз есімін атап, руын таныстырады. Бұл әндер әдетте әншінің өз атымен аталған. Олар: «Біржан сал», «Майраның әні», «Ғазиздің әні», «Балуан Шолақтың әні», т.б.





ҚАМАЖАЙ
Халық әні

Басында Қамажайдың бір тал үкі,
Айырылып Қамажайдан болдым күлкі.
Айырылып Қамажайдан отырғанда,
Келеді қай жерімнен ойын-күлкі.

Қайырмасы:
А-хау, хайлили-ляйлім, лиля-ляйлім, Қамажай,
Қалды-ау кейін сәулетайым, сәулетайым.

1. Әнді аудиотаспадан тыңда.
2. Әннің ырғақтық өрнегін көрсет.
3. Әннің өлең құрылымының кестесін жаса.


Пікір жазу модулінде:
1. Өзің білетін әннің буын санын санап, өлең құрылымының кестесін жаса, оны модульге жүкте.
2. «Көзімнің қарасы» және «Қамажай» әндерін салыстырып, қайсысында өлең мен әннің асинхронды сабақтасуы байқалып тұрғанын анықтап, өз пікіріңді жаз.
3. 3+3 немесе 4+3 буындық  өлең шығаруға талпынып, нәтижесін пікір модуліне жүкте.

АТАМЕКЕН

Әнін жазған – Ж. Тұяқбаев
Өлеңін жазған – Ш. Сариев
Орындаған – Р. Рымбаева
Әннің аудио файлын төмендегі спойлерге басып тыңдаңыз:
Толығымен

18-сабақ. МУЗЫКА ЖӘНЕ ПОЭЗИЯ

Сабақта:

1. Батыс Еуропа, орыс композиторларының романстарымен танысамыз;
2. Романс жазған композиторлар туралы білеміз;
3. М. Төлебаевтың «Кестелі орамал» романсын үйренеміз.


- Қалай ойлайсың, музыка мен әдебиет арасында байланыс бар ма?
- Музыка мен әдебиеттің көркемдік құралдарын салыстыр.

Музыка және поэзияның байланысы туралы айтқанда романс және ән жанрлары еске түседі. «Романс» термині, ортағасырлық Испанияда пайда болған, алғашқыда испан тілінде (роман тілінде) «ән» деген сөзді білдірген. Испанша – Romance. Романс музыкасының әннен айырмашылығы – көңіл күйге көп назар аударылады. Романстың мәні – сүйемелдеуде емес, өлең мен әуеннің мазмұнында болады. Әдетте, романс камералық музыка болып саналады (бір аспаптың сүйемелдеуінде, көбінесе фортепианомен орындалады). Романстың өлеңінің өзі әуенді, сазды, нәзік, әсерлі немесе трагедиялық болып келеді. Көптеген еуропалық композиторлар – романстардың авторлары: Ф. ШубертР. ШуманИ. БрамсЖ. МасснеШ. Гуно және т.б. Орыс романсы жанр ретінде XIX ғасырдың бірінші жартысында қалыптасты, бұл әлемдік (сонымен қатар орыс әдебиетінде де) романтизмнің дамуымен тұспа-тұс келді. А. АлябьевА. ВарламовА. ГурилёвМ. Глинка сынды композиторлар орыс романсының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Глинка 20-дан астам романс пен ән жазды, олардың барлығы дерлік әйгілі болды, бірақ олардың арасында ең танымалы – «Я помню чудное мгновенье» романсы. А. ДаргомыжскийП. ЧайковскийН. Римский-КорсаковП. БулаховС. Рахманинов сынды композиторлар – XIX ғасырдағы романс музыкаларының авторлары.

Г.В. Свиридов және Г.Ф. Пономаренко – ХХ  ғасырдағы ең танымал романстардың авторлары.

Франц Шуберт
(1797–1828)


Ф. Шуберттің «Ave Maria» (М. Калластың орындауында), М.И. Глинканың «Я помню чудное мгновенье» (Д. Хворостовскийдің орындауында) шығармасын төмендегі спойлерге басып тыңдаңыз.

КЕСТЕЛІ ОРАМАЛ

Әнін жазған – М. Төлебаев
Өлеңін жазған – А. Лекеров

1. Төмендегі спойлерге басып, әнді тыңдаңыз.
2. Караоке нұсқасын пайдаланып, әнді мәнерлеп орындауға талпыныңыз. 
3. Ығайына қарап, орындауыңызды смартфонға түсіріп, пікір жазу модуліне жүктесеңіз болады (міндетті емес).



1. Динара Алиеваның орындауында «Сон» романсын төмендегі спойлерге басып тыңдаңыз.
2. Бұл романс не туралы? Осы романсты қалай атар едің? Өз ойыңызды, пікір жазу модуліне жазыңыз.

Толығымен

19-сабақ. МУЗЫКА ЖӘНЕ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ

Сабақта:
1. Қазақ оюы заңдылықтарының дүниетанымдық негіздерімен танысамыз;
2. Қазақтың дәстүрлі ою түрлері жайында мағлұмат аламыз;
3. Қазақ оюының музыкамен байланысы жайында дерек аламыз;
4. Тақырып бойынша сұрақтарға жауап береміз.

Табиғатпен сырласа да үндесе өмір сүрген ата-бабаларымыз өз дүниетаным пәлсапасын өнер арқылы шебер жеткізгені аян. Сонау ескі замандағы қолөнер бұйымдарының оюы кітап қызметін атқарып, оның бейнелері әлемдік тәртіпті айқындауда таптырмас тәрбие құралы болды. Осы құралдың басты заңдылығы – адам қоршаған Табиғат ананы аялауы керек, Ғарыш заңдылықтарын терең түсінуі қажет. Ғарыш құрылымы туралы біздің заманымызға ежелгі дәуірден жеткен аңыздар бар. «Ертеде бүкіл әлемді су басқан заманда Жердің кіндігінде Әлемдік тау (Ұлытау), ал оның ұшар басында Бәйтерек жайқалып өсіпті. Үш әлемнің арасын байланыстырған Бәйтеректің жапырағында Самұрық құс ұя соғып, қасиетті алтын жұмыртқа салады екен. Егер кенеттен әлемді түнек басса, құс тағы да жұмыртқа салып, қайтадан әлемді тіршілік жайлайды. Аспанды тіреп тұрған Бәйтеректің төбесі жоғарғы әлем – құдайлар мекені болып, Темірқазық жұлдызына жететін. Оның жапырағында құс бейнесіндегі аруақтар отырады. Ортаңғы әлемде адамдар, ал Жерді тамырымен тіреп тұрған Төменгі әлемде зұлым күштер өмір сүрген. Ағаштың етегінен әртүрлі өзендер бастау алған екен».

Міне, осы аңыздағы үш әлем төкпе күйдің бас буын, орта буын және саға бөлімдеріне бөлінуімен сәйкес келеді. Күйдің шарықтау шыңы болатын саға бөлімі топан су басқан Төменгі әлемнің көрінісі іспетті. Табиғат заңдылықтарымен үйлесім тапқан өмір пәлсапасын жеткізудегі көркем құралдар саз өнері (күй және ән) мен ою-өрнекке ортақ болды.

Оюда бос Кеңістіктің қалмауы, форма мен контрформаның тең, тегіс, симметриялы орналасуы оюды табиғаттағы молекулалармен теңдес етеді. Қорқыт, Ықылас күйлерінде және оюда жоғарғы және төменгі, оң жағы мен сол жағы болып бөліну арқылы жеткізілген өмірдегі қарама-қайшылықтардың тепе-теңдігі мәңгілікті бейнелейтін қобыз сарынында созылыңқы әуенде көрінсе, өрнекте шексіздік белгісімен көрсетіледі.

Ою-өрнек Ғарыш пен Табиғат заңдылықтарын жалпылама пәлсапалық белгілермен көрсетсе, күй адамның ішкі жан тебіренісін, көңіл күйін қоңыр үн арқылы күмбірлетті. Құстың сайраған дауысына еліктеген ән қайырмалары (гәгәгәй, ғағиға-ғақ-ғақ), әннің шырқау биіктен басталған иірімдері, қобыз сарынымен орындалған «Аққу» күйі – қазақтың Жоғарғы Әлем туралы саз түсінігінің айғағы. Жалпы, ою мен күйдің көп мағыналылығы, түпсіз тереңдігі қазақтың ойды астарлап, тұспалдап жеткізу әдетіне сәйкес келеді.

Әбілхан Қастеев (1904–1973)




1. «Аққу» халық күйін төмендегі спойлерге басып тыңдаңыз.
2. Ықыластың «Жезкиік» күйін төмендегі спойлерге басып тыңдаңыз, күйдің аңызын тауып, оны сыныпта ауызша айтып беруге дайындал.




ДЕДІМАЙ-АУ
Халық әні

1. Айналайын, ақ жүзің, айдан аппақ,
Сендей жарды ер жігіт қайдан таппақ,
Дедімай-ау.
Көрген адам қасыңнан кете алмайды,
Мұз үстінде жүргендей тайғанақтап,
Дедімай-ау.

Қайырмасы:
Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау,
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сіз бен бізге білінбей-ау.

2. Құлағыңа таққаның күміс сырға,
Күмбірлетіп шығасың күнде қырға,
Дедімай-ау.
Сағыныштан сарғайып шыдам таппай,
Мен өзіңді қосамын ән мен жырға,
Дедімай-ау.

Қайырмасы:
Алма ағаштың гүліндей-ау,
Текеметтің түріндей-ау,
Өтіп дәурен бара жатыр,
Сіз бен бізге білінбей-ау.

1. Әнді аудиотаспадан тыңда.
2. Әннің ырғақтық өрнегін көрсет (шапалақтап немесе ұрмалы аспаппен).
Толығымен

20-сабақ. МУЗЫКА ЖӘНЕ БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІ

Сабақта:
1. Музыка және бейнелеу өнерінің өзара байланысы туралы білеміз;
2. Музыкадағы импрессионизм бағытымен танысамыз;
3. К. Дебюссидің «Ай сәулесі» («Лунный свет»), М. Равельдің «Су ойыны» («Игра воды») шығармаларын тыңдаймыз;
4. С. Тұрғынбекұлы сөзіне жазылған А. Тоқсанбаевтың «Жидебай түні» хорын үйренеміз.

Музыка – өнердің басқа түрлері сияқты, оны өзінің даралығын, әлемді қабылдауын, адаммен және табиғатпен үйлесімділікті білдіру тәсілі ретінде жасайды. Немесе, керісінше, бұл келіспеушіліктің, қарама-қайшылықтың көрінісі. Музыка әртүрлі көңіл күй мен элементтерді білдіреді. Белгілі бір ырғақ пен үйлесімділік музыкадағы көркем образдың негізі болып табылады. Әр елде, әр дәуірде жасалған музыкалық туындылар бір кездері би мен әннің дамуына алғышарт болды.
Музыкадағы көркем бейнелер дыбыстар арқылы жасалады. Музыка әрқашан адамның сезіміне жүгінеді, өйткені музыканың өзі адам жанының тілі сияқты сезімдерді білдіреді. Музыка тек стильдері мен бағыттары бойынша ғана емес, елдер мен этностарда да ерекшеленеді. Ол өмірдегі, жағдайдағы түрлі көріністерді бейнелей алады.
Музыка мен бейнелеу өнері өзара тығыз байланысты. Дарынды композитор немесе музыкант, суретші сияқты, өз шығармашылығында өзінің энергиясын көрсететін белгілі бір ассоциативті символикалық серияларды ұсынады. Сурет сияқты музыканың да өзіндік дәмі бар. Бейнелеу өнері, музыка сияқты, оны жасаушының сезімін, эмоциясын, көңіл күйін білдіреді. Тіпті музыканттардың өзі, олардың өнері мен музыкалық туындылары әлемдегі көптеген суретшілердің шығармаларының тақырыбына айналды.
Классикалық академиялық кескіндемеде белгілі бір ережелер бар: кескіндеменің негізгі нысаны алдыңғы қатарда, содан кейін екінші реттік нысандар орын алады және өң салынады. Сондай-ақ музыкада әуендердің дыбысы белгілі бір өлшемнен, уақыт белгісінен, бірнеше негізгі ноталардан басталады, содан кейін дыбыс кеңейіп, оркестр ойнай бастайды. Жеке құбылыста сүйемелдеумен бірдей құбылысты байқаймыз: солистің дауысы хормен немесе аспаптық сүйемелдеуімен толықтырылады.
Музыка мен бейнелеу өнерін тағы бір маңызды сипаттама жақындастырады. Бұл контраст. Шынында да, кескіндемеде түс пен масштаб әрқашан салыстырылады, ал қазіргі бейнелеу өнерінде формалар. Музыкада бұл темпті, жоғары және төмен ноталарды, қатты және тыныш дыбыстарды қатар қою.
Әуендер – суретшілердің түсі сияқты, салқын әрі жылы, жеңіл және күңгірт. Бейнелеу өнерінің масштаб, тон, көлеңке, нюанс сияқты сипаттамаларын бүгінде сыншылар музыкалық шығармаларды түсіндіру үшін қолданады.

Тақырып бойынша тест сұрақтарына төменде жауап береміз:

Импрессионизм (французша «impression» – əсер) – ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында өнерде пайда болған ағым. Негізінен, суреткердің өмірден алған өткінші əсері мен бір сəттік көңіл күйін бейнелейді. Бейнелеу өнерінде импрессионизмнің жекелеген белгілері 1860 жылдары француз суретшілерінің (Э. МанеО. РенуарЭ. Дега) еңбектерінде көріне бастады. Музыкадағы импрессионизмнің негізін салушы Клод Дебюсси өз шығармашылығында музыканың бейнелеу тəсілдеріне көптеген жаңалықтар енгізді. Ол қазіргі заманғы композиторлық шеберліктің барлық аспектілерін: əуенді, музыканың гармониялық, тембрлік бояуларын, оркестрлік өңдеуді, музыкалық форманы байытты.  Морис Равель (Франция) жəне Мануэль де Фалья (Испания) – музыкалық импрессионизмнің шеберлері. Музыка тыңдарманның қиялында нақты көріністерді тудырып, айшықты суреттеп беруге қабілетті, яғни, композиторларға «музыкалық картина» жазуға мүмкіндік береді («Москва өзеніндегі таң» – М. Мусоргский, «Таң» – Э. Григ, «Ай сәулесі» – К. Дебюсси, «Су ойыны» – М. Равель). Музыка мен бейнелеу өнеріне ортақ «контраст» деген ұғым бар. Кескіндемеде контраст – түстердің немесе масштабтардың сәйкестігін білдіреді. Музыкада – мажор мен минордың, тез және жай қарқындардың, қатты немесе ақырын дыбыстардың (динамика), жоғары немесе төмен дыбыстардың қарама-қайшылығын білдіреді. Контраст кез келген музыкалық шығармаларда бар.

Клод Дебюсси
(1862–1918)

Клод Дебюсси туралы спойлерге басып қараңыз, оның «Ай сәулесі» туындысын тыңдаңыз:


Модест Мусоргский
(1839–1881) – орыс композиторы, пианист.

М.Мусоргскийдің «Көрмедегі суреттер» циклынан «Екі еврей – бай және кедей»  туындысын спойлерге басып тыңдаңыз.

Контрастың айшықты мысалы М.Мусоргскийдің «Екі еврей – бай және кедей» пьесасында берілген. Бұл жердегі контраст шығарма атауынан-ақ көрініп тұр. Осы пьесаның музыкасы екі түрлі адамдардың мінездерін суреттейді. Бірінші байдың бейнесі сенімділігімен, қатты, маңызды дыбыстарымен ерекшеленсе, кедей бейнесі сасқалақтық, аянышты, жалынышты интонациялармен бейнеленген.

Морис Равель
(1875–1937)

Төмендегі спойлерге басып «Су ойыны» шығармасын тыңдаңыз.
ЖИДЕБАЙ ТҮНІ

Әнін жазған – 
А.Тоқсанбаев
Өлеңін жазған – 
С.Тұрғынбекұлы
 
1.    Төмендегі спойлерге басып әнді тыңдаңыз.
2.    Мәтінді оқып, караоке нұсқасында әнді орындаңыз.   

Толығымен

21-сабақ. МУЗЫКА ЖӘНЕ ТЕАТР


Сабақта:
1. Қазақ театрының туындыларымен танысамыз;
2. Қуыршақ билері туралы білеміз;
3. «Ортеке» күйлерінің үлгілерін тыңдаймыз;
4. Абайдың «Ата-анаға көз қуаныш» әнін айтамыз;
5. «Достар серті» мюзиклі туралы білеміз.

Қазақ театрының қайнар-көзі қазақ халқының ежелгі фольклорлық салт-дәстүрінде жатыр. Қазақтың тұрмыс-салт әндері мен дәстүрінде театр элементтері бар. Қазақ халқының барлық өнер түрлері музыкамен байланысты. Дәстүрлі эпос, әндер мен күйлер орындау қазақ театрының пайда болуына негіз болды. Күйшілер орындайтын күйлерінің аңыз-әңгімесін баяндау арқылы тыңдаушыны дайындап алатын болған. Күйлердің аңыз-әңгімесінде әртүрлі бейнедегі кейіпкерлер туралы баяндалатын және осы кейіпкерлердің барлығын күйші-орындаушы бір өзі бейнелеген. Бұл бір актер театрының өзіндік тәжірибесі болды. Сонымен қатар қазақ театр өнерінің түп негізіне айтыс өнерін де жатқызуға болады. Айтыс кезінде ақындардың әуендері арнайы ырғақпен, айрықша орындаушылық мәнермен ерекшеленді. Мереке мен тойларда әзіл-
кештер өздерінің шеберлігін көрсететін болған, олар халық арасында «қу» деп аталды. Олар кейіпкердің мінез-құлқын дәл сипаттай білді. Халқымызда ең жарқын және театрландырылған дәстүрлердің бірі – үйлену тойы. Қазақтың халық биі «Ортеке» – Қуыршақ театрының бастауы болып табылады. «Ортеке» күйін орындаған кезде, ешкі бейнесіндегі қуыршақ үстелдің ортасына бекітіледі. Қуыршақ ортеке еркін билеуі үшін, аяқтары үстелдің бетіне тимейтіндей етіп орналастырылады. Қуыршақтың дене бөліктеріне байланған жіп үстелдің ортасындағы тесік арқылы өткізіліп, домбырашының оң қолының саусақтарына байланады. Күйші күйді тарта бастағанда, қуыршақ ортеке қозғалып, билей бастайды.

21-сабақтың видео слайдын спойлерге басып қараңыз:


1. «Тұран» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің орындауында «Ортеке» күйін спойлерге басып тыңдаңыз.
2. Пікір жазу модулінде күйге сипаттама беріңіз.



АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ

Абай
(өңдеген Қ. Шілдебаев)

1. Әнді спойлерге басып тыңдаңыз.
2. Мәтінді мәнерлеп оқыңыз.
3. Әнге ырғақтық сүйемелдеу жасап үйреніңіз.





«Достар серті» мюзиклі мөлдір махаббат пен шынайы ерлер достығы туралы лирикалық комедия. 
«Достар серті» мюзиклі – жарқын, өткір ойлы, қабылдауға жеңіл спектакль. Алайда, сюжетте кейбір мұңды «ноталар» баршылық, бірақ бұл өмірдің жарқын мәнін одан сайын баса айту үшін жасалған. «Достар серті» мюзиклінің негізінде төрт жас жігіттің достық тарихы жатыр, бұл туралы көрермен туынды кейіпкерлерінің бірі 63 жастағы Мараттан естиді. Оның монолог-естеліктері спектакльдің сюжеттік желісін құрайды және көрерменді өткен ғасырдың 70-жылдарына алып барады. Сол заманның үлгісі бірегей әрі жарқын берілген. 
Танымал ретро-хит әндер сюжетке үйлесімді орайластырылған. Олар атақты қазақстандық композиторлар Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанғалиев, «Дос-Мұқасан» ВИА репертуарындағы халықтың сүйікті әндері. Одан басқа мюзиклде «Битлз» тобының туындылары («Girl», «Can't buy me love») мен тиісті музыкалық стилистикада жасалған Артур Оренбургскийдің авторлық вокалдық, аспаптық композициялары пайдаланылған. Либретто авторы – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, сценарист Бақыт Қайырбеков. Ал мюзикл режиссері — Еслям Нуртазин. Қазақ тіліне аударған  — драматург, ақын Аннас Бағдат.



1. «Әсем» әнін тыңда. Әнін жазған – А. Оренбургский, либреттосын жазған – Б. Қайырбеков.
2. Бұл ән мюзиклдің драматургиясында қандай рөл атқарады?
3. «Достар серті» туралы ақпаратты тап және шағын ауызша баяндама жаса (әңгіме, слайд-шоу дайындау).
Қосымша «Достар серті» мюзиклі әндерін спойлерге басып тыңдаңыз:

Толығымен

22-сабақ. МУЗЫКА ЖӘНЕ ТЕАТР

Сабақта:
1. Музыканың театр қойылымдарындағы рөлімен танысасың;
2. Театр қойылымдарына музыка жазған композиторлар туралы біле аласың;
3. Театр қойылымдарына жазылып, классикалық үлгіге айналған шығармалармен танысасың;
4. «Музыканттар» атты ағылшын ұлттық әнін үйренеміз.

Драма театрындағы қойылымдарға арналған музыка өнердің басқа түрлерімен бірге сахналық көрініске белсенді түрде қатысады. Театр музыкасы өте маңызды драмалық фактор болып табылады. Оның семантикалық жəне қалыптастырушы маңызы өте зор. Театрдағы музыка:
а) қойылымның эмоционалдық атмосферасын қалыптастырады;
ә) оның басты идеясына ерекше көңіл бөледі;
б) əрекет уақытын жəне орнын нақтылайды;
в) кейіпкерлерді сипаттайды.
Сонымен қатар спектакльдің қарқыны мен ырғағына əсер етеді, шиеленіске назар аударады, лейтмотив арқылы спектакльді біртұтас етеді. Драма театрында музыка екі негізгі рөл атқарады: сахнадағы іс-әрекетті үйлестіреді немесе онымен қарама-қайшылықта (контраст) болады. Музыка қойылымнан тыс (увертюра – кіріспе, антракт – үзіліс кезінде) немесе қойылым ішінде болады. Драмалық спектакль үшін композитор арнайы музыка жазады, кейде спектакльге музыкалық үзінділер бұрыннан бар туындылардан таңдалып, құрастырылады. Əлемге əйгілі композиторлар – 
Людвиг ван Бетховеннің «Эгмонт» (И. Гёте) трагедиясына, Феликс Мендельсонның «Жазғы түнгі түс» (У. Шекспир) комедиясына, Арам Хачатурянның «Маскарад» (М. Лермонтов) драмасына, Қазақ драма театры спектакльдеріне Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Мұқан ТөлебаевЕркеғали РахмадиевСыдық МұхамеджановҒазиза ЖұбановаНұрғиса ТілендиевСейдолла БəйтерековБейбіт ДəлденбаевАқтоты Райымқұлова, т.б. композиторлар музыка жазды.



Михаил Лермонтовтың «Маскарад» атты музыкалық драмасына жазылған Арам Хачатурянның «Вальс» туындысын тыңда.

Арам Ильич Хачатурян (1903–1978)



1. Музыкалық шығарманы төмендегі спойлерге басып тыңдаңыз.
2. Вальс әуеніне сипаттама бер (екпіні, сипаты, ырғағы, бояуы, т.б.), пікір жазу модулінде бөлісіңіз.
3. Вальстің ортаңғы бөлімінде музыка қалай өзгереді? Пікір жазу модулінде бөлісіңіз.
4. Вальстен үзіндіні қайта тыңдап, ырғағын шулы аспаппен көрсетіңіз.
5. «Вальс» тақырыбында синквейн құрастырыңыз.

МУЗЫКАНТТАР
Ағылшын әні

Пусть будет вьюга, будет гром,
Но музыкантам, но музыкантам,
Но музыкантам – все ни почем!

1. Мұғалімнің орындауында канонның әуенін тыңда.
2. Канонның қадамын анықта (екінші дауысқа түсу).
3. Мимикалық канонға ойын ойластыр.

1. Драмалық спектакльде музыканың негізгі функциялары туралы пікір жазу модулінде бөлісіңіз.
2. Қалай ойлайсың, театр өнері мен музыка өнерінің басты құралдары нелер? Пікір жазу модулінде бөлісіңіз.
Толығымен

23-сабақ. КИНО ЖӘНЕ МУЗЫКА

Сабақта:
1. Қазақстанның киномузыкасының жетістіктерімен танысамыз;
2. Осы бағытта жұмыс істеген композиторлардың шығармашылығы туралы білеміз;
3. Киномузыка терминдерімен танысамыз;
4. Киноға арнап жазылған шығармалардан үзінді тыңдаймыз;
5. «Балапан қаз» халық әнін үйренеміз.

- Өзіңнің жақсы көретін киноңды еске түсір.
- Ол кинодағы музыка есіңде ме?
- Егер ол кинодан барлық музыканы өшірсе, не болар еді?

Алғашқы кезде музыка кинематографияда жалаң, қосалқы міндет атқарды. Пианист (тапёр) жүріп жатқан фильмді сүйемелдеумен ғана шектелді. Дегенмен, сол кездің өзінде әр фильм үшін жеке музыка жазуға әрекет жасалды. Дыбыс жазушы аппараттың шығуына байланысты (1920 жылдың соңы – 1930 жылдың басы) әр фильм жеке фонограммаға ие болды. Осы кезеңдегі киномузыканың таңдаулы үлгілері Ч. Чаплин фильмдерінен көрініс тапты. Фильм музыкасы дыбысты киноның тууынан бастап, кадр ішіндегі киномузыка (кадрда көрсетілген музыкалық аспаптың, әншінің, радионың, т.б. музыка орындауы) және кадр сыртындағы киномузыка (фильм идеясын тереңдете түсетін, оқиғаны сипаттайтын, сюжет астарын жеткізетін киномузыка) болып бөлінді. ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастап фильмдегі кейіпкерлерге музыкалық сипаттама беру, көбінесе, қарапайым да тұжырымды, көкейге қонымды әндер арқылы жүзеге асты. Киномузыканың бұл саладағы классик үлгілерін композиторлар Дж. ГершвинИ.О. Дунаевский («Көңілді жастар» (1934); «Цирк» (1936), т.б.) жасады. Ал еліміздегі композиторлардан Александр Зацепин «Тақиялы періште» — кеңес уақытында түсірілген қазақ комедиясы (Режиссёрі — Шәкен Айманов. Тұсаукесері 1969 жылы өтті. Фильм Алматы қаласында түсірілген)Қуат Шілдебаев көбіне тарихи тақырыптағы фильмдерге қалам тартады. Олардың арасында «Отырардың күйреуі», «Әбілхайыр хан», «Мұстафа Шоқай», «Шал», «Жат» және басқалары бар. Композитордың қаламынан қазіргі таңда 20-дан аса фильмге музыка жазылды. Ақан Сатаевпен тығыз шығармашылық байланыста жұмыс істеп жүрген Әлім Заиров джаз, электронды музыка мен классика бағыттарын үйлестіреді. Қазіргі таңда оның музыкасы «Аудандар», «Анаға жол», «Ол» және Жасұлан Пошановтың «Шлагбаум», Нұртас Адамбайдың «Сабина келін» фильмдерінде орындалады. Төлеген Мұхамеджановтың 9-ға жуық киносаз туындыларында алғашқы жазған 1984 жылғы «Шөп ішіндегі тәтті нәр» фильмінен бастап, соңғы жұмыстарының бірі «Құнанбай» фильмінде Отанына деген сүйіспеншілік пен нәзік лирикалық сезім айқын сезіледі. Ал Ренат Гайсиннің киномузыкалық туындыларынан ерекше атауға тұрарлық туынды – «Жаужүрек мың бала» фильмінің музыкасы.
Ренат Гайсин туралы ақпаратты спойлерге басып қараңыз:


Спойлерге басып «Жаужүрек мың бала» кинофильмінен саундтрек тыңда.
Пікір жазу модулінде:
1. Бұл шығармалардың бейнесіне қандай мінездеме беруге болады? Ол туралы өз пікіріңізді қысқа эссе түрінде жазып пікір жазу модуліне жүктеңіз.
2. Бұл шығарманың киномузыкаға қосқан үлесі неде деп ойлайсыз? Пікіріңізді жазыңыз.


Мұхамеджанов Төлеген Мұхамеджанұлы 

«Заман-ай» әнін төмендегі спойлерге басып қараңыз:

Қуат Абдоллаұлы Шілдебаев – 50-ге жуық ән, камералық симфония, оркестр мен фортепианоға арналған концерт, қылқобыз және үрмелі аспаптар оркестріне, орган мен оркестрге арналған шығармалардың авторы. Оның «Отан Ана», «Сағым дүние», «Жан Ана», «Осенний мотив» атты әндері халыққа кең танымал. 

Төмендегі спойлерге басып ол туралы жақынырақ танысыңыз, әндерін тыңдаңыз.

Қосымша: Батырхан Шүкенов туралы ақпартты төменгі спойлерге басып қараңыз

Пікір жазу модулінде:
1. Т. Мұхамеджановтың әндерін тақырып бойынша қандай топтарға бөлуге болады?
2. Т. Мұхамеджановтың киномузыкасы Қазақстанның саз өнеріне нендей үлес қосты деп ойлайсыз?
3. Қазақстан заманауи музыка өнерінің қалыптасуы мен дамуына сазгер Қуат Шілдебаев нендей үлес қосты?
4. Қазақстан сазгерлерінің ішінде киномузыкаға үлес қосып жүрген композиторлар жайында ақпарат іздеңіз.

Пікір жазу модулінде:
1. Қазақстан киномузыкасындағы көрнекті шығармаларды атаңыз.
2. Қазақстан киномузыкасының композиторларындағы белең алған стильдік бағыттар жайлы не білесіз?
3. Өзің білетін заманауи музыка шығаратын сазгерлер жайында әңгімелеңіз.
4. Компьютерлік бағдарламаны пайдаланып, музыкамен әрленген «Мектепте» атты ролик дайындаңыздар (топпен, келесі сабаққа).
5. Кинолар мен әндерді сәйкестендіріп пікір жазу модуліне жазыңыз: 
• «Саржайлау»; 
• «Шегенің термесі»;
• «Балапан қаз»;
• «Мама»; 
• «Қыз Жібек»;
• «Менің атым – Қожа»;
• «Тақиялы періште»;
• «Көшпенділер». 

БАЛАПАН ҚАЗ
Халық әні


Минус/ караоке

Бұл өлке біздің ауыл жайлаған жер-ай,
Желіге асау құлын байлаған жер-ай.
Көзіме от жалындай көрінеді-ай,
Тебісіп құлын-тайдай ойнаған жер-ай.
Ей, ахау, сабаз,
Ұшырдым ұясынан балапан қаз-ай.

Бұл өлке біздің ауыл күзеген жер-ай,
Қаракөз бойын сылап түзеген жер-ай.
Көзіме от жалындай көрінеді-ай
Қолаң шаш уәдесін үзбеген жер-ай.
Ей, ахау, сабаз,
Ұшырдым ұясынан балапан қаз-ай.


1. Әннің сөзіне көңіл бөліңіз. Қазақ халқының өмірлік ұстанымдары жайында не айта аласыз?
2. Сіздің ойыңызша мұндай әндерді қай уақытта, қандай жағдайда орындайды?
Толығымен

24-сабақ. КИНО ЖӘНЕ МУЗЫКА

Қазақ мультфильмдерінің музыкасы


Сабақта:
1. Қазақстанның мультфильмдерінің музыкасымен танысамыз;
2. Осы бағытта жұмыс істеген композиторлардың шығармашылығын танимыз;
3. Қазақ мультфильмдерінің даму кезеңдеріне шолу жасаймыз;
4. Мультипликация терминдерімен танысамыз;
5. Мультфильмдерге жазылған шығармалардан үзінді тыңдаймыз.


Мультфильмдерде орындалатын музыканы анимациялық музыка деп атайды. Ол француз тілінде animation, яғни «тірілу, жандану» деген мағынаны білдіреді. Суретке жан бітіріп, әртүрлі кейіпкерлердің мінездемесін сөзсіз музыкалық құралдармен жеткізу – анимациялық музыканың міндеті. Демек, анимациялық фильмдердегі саз өнерінің маңызы зор.
Қазақ анимациясының тарихы 1967 жылы режиссер Әмен Хайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінен басталды. Бұл картина қазақ анимациясының осы кезеңдегі (1967–1991) көркем тәсілдерінің негізін қалады. Оған музыка жазған атақты күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиев ұлттық нақыштағы музыканы басынан аяғына дейін қолданды. Егемендік алғанға дейінгі анимациялық фильмдердің қалыптасу және даму тарихын аңыздар мен ертегілер, жырлар желісімен түсірілген фильмдер құрады. Олардың қатарында «Ақсақ құлан» (Режиссёр – Ә. Хайдаров, композитор – Н. Тілендиев«Қазақфильм», 1968) мультфильмін ерекше атаған жөн. Кейін пайда болған күнделікті өмір тұрмысы жайында және сатиралық мазмұндағы мультфильмдер «Ұл бала мен жын» (композитор – Н. Тілендиев. «Қазақфильм», 1974), «Жынның ғарышта басынан кешкендері» (композитор – А. Луначарский. «Қазақфильм», 1974) халық ертегілерінің әсемдік пен үйлесімділікті паш еткен ертегілік әлеміне қарама-қарсы қойылды. Осы кеңестік фильмдердің шыңы – шығыстық анекдот пен әфсаналардың кейіпкері Қожанасыр «Қожанасыр-құрылысшы» (композитор – Н. Маңғытаев. «Қазақфильм», 1967) фильмінде көрініс тапты. Қожанасыр азиялық, еуропалық және қытайлықтардың кеңесін тыңдап, тұруға мүлдем жарамсыз күрке салады. Ең соңында Қожанасырдың салған жаңа, Кеңес одағының типтік көп қабатты үйі ғана әртүрлі ұлт өкілдерінің бақытты өмір сүруіне мүмкіндік туғызады. Мұндай идеологиялық мағынадағы фильмдер ХХ ғасырдың 70–80-жылдарына тән болды. «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»«Ақсақ құлан», «Байлық пен даналық» (композитор – Н. Тілендиев. «Қазақфильм», 1977) фильмдеріндегі үздіксіз орындалатын музыканы, әдетте, Н. Тілендиевтің жетекшілігіндегі ұлт аспаптар оркестрі орындайтын еді. «Ақсақ құлан» фильмінде домбыра толыққанды басты кейіпкердің қызметін атқарады. Керісінше, симфониялық оркестрдің аспаптары қазақ мультфильмдерінде жағымсыз кейіпкерлер атынан немесе қайғылы, драматизмге толы сәттерде қолданылды. Бұл мультфильмдердегі жеке дауысты домбыра – бейбітшілік, мейірімділік және басты кейіпкерлерді сипаттайтын қуатты құрал еді.
Мысалы, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» фильмінен бастап домбыра басты жағымды кейіпкер – Қарлығашты сомдауға қатысса, ал оған қарсы қатігез Маса – еуропалық скрипка дауысымен бейнеленеді. Осы кезеңнің анимациялық фильмдеріне музыка шығарған сазгерлердің қатарында Нұрғиса Тілендиевтен басқа, Кеңес ДүйсекеевӘсет БейсеуовБалнұр ҚыдырбекЕрмек Өміровті атауға болады.
ХХ ғасырдың 90-жылдарының басында экономикалық және саяси себептерге байланысты болған аздаған тоқырау кезеңінен соң, фольклорлық уақиға желісімен түсірілген фильмдер («Түйе бойына сеніп, қапы қалыпты» (1993), «Ай мен тігінші» (1993) халық ертегілерін толық баяндағандықтан, анимацияның бастапқы даму кезеңіне қайтып оралумен ерекшеленді. Бұл фильмдердегі музыка да кеңестік мультфильмдердің үрдісін ұстанды. 2000 жыл Қазақстан анимациялық өнерінің жаңа даму деңгейін анықтады. Осы кезең картиналары қиял ғажайып және жыр дәстүрі мен байланысты шығарылған. Олардың қатарында «Алпамыс батыр» (2007), 2010 жылы «Бөгенбай батыр», «Қамбар батыр», «Қанатты барыс», 2010–2014 жылдар аралығында түсірілген «Ер Төстік» мультсериалдары, «Azia-animation» студиясы түсірген «Алпамыс батыр», «Қыз Жібек» мультфильмдері болды. 2010 жылы 3D-анимация техникасымен түсірілген тұңғыш кассалық фильм «
Ер Төстік» те ертегілік жыр үлгісімен түсірілді. Бұл жаңғырған ұлттық сананың көрсеткіші еді. Анимациялық фильмдердегі музыка кеңестік дәуірдің тәсілдерімен бірге, ұлттық дәстүрге де ерекше ден қойды. Мысалы, басты кейіпкердің белгісі домбыра болса, симфониялық оркестр аспаптары жағымсыз кейіпкерлер мен драмалық жағдайларды, қазақтың ұлт аспаптары бейбітшілік пен байтақ дала картиналарын бейнеледі. Десек те, ұлт аспаптарының қолданылу аясы едәуір кеңейе түсті. Мәселен, қобыз таңғажайып, тылсым күштермен байланыс тұрғысынан тәржімаланды. Бұл әдіс 90-жылдардағы кеңестік дәуірдің мультфильмдеріне тән еді («Үш шебер» фильмінде ағаштан қызды тірілтіп жонып алған үш шебердің дауысы, ал «Түйе бойына сеніп, қапы қалыпты» мультфильмінде қобыз дауысы Әлемдік тауда жиналған аңдарға Тәңірі үкімінің дыбыс бояуы). Жырдың дәстүрлі мақамы қолданылған «Мұңлық–Зарлық» (Режиссёр – Б. Дәуренбеков, композиторлар – А. Дүйсен, Р. Шынықұлов. «Сак-киностудия», 2010) мультфильмінің кіріспесіндегі қобыздың зары абыз баяндаған жырдың уақыт өлшемін нанымды жеткізеді. Музыка мен бейнелілік қатар бірін-бірі толықтырып, көне қобыз дауысымен үйлесім тапқан шығыстық қолжазбалар мен гравюралар көріністері ежелгі заманның бояуын кіргізеді. «Құйыршық» мультфильміндегі (режиссёр – К. Қасымов, композитор – Т. Қышқашбаев. «Қазақфильм», 2003–2004) шал қолындағы қозыдан қалған құйыршықты кемпірге көрсету сәтіндегі қобыз сазы абыздың сарнатқан сарынындағы өмір мен өлім арпалысын жеткізеді. Осы кездегі анимациялық фильмдерде қобыз сарыны сирек қолданылады, бұл қобыздың дәстүрдегі ерекше қасиетті аспап ретіндегі мәнін айрықшалайды. Техникалық өркениеттің белгісі ретінде заманауи мультфильмдерде синтезатор дауысы жиі қолданылады. Бірқатар мультфильмдерде синтезатор – табиғаттан тысқары таңғажайып сиқырлы күшті көрсету мақсатында қолданылады («Құйыршық», «Алпамыс», «Сиқырлы тас»). Мәселен, «Құйыршық» мультфильміндегі Құйыршықтың дүниеге келуі сыңғырлаған электронды дыбыстармен мінезделеді. «Алпамыс» фильміндегі Алпамыс пен Мыстанның қайшылығы жеке дауысты домбыра мен электронды музыканың қайырымдылық пен зұлымдықтың тойтарысын бейнелейді. Ертегідегі қарама-қайшы күштердің арпалысы заманауи Қазақстан мультипликациясында халық әні мен эстрадалық музыканың («Алдар көсе мен шайтандар», «Жебе», 2004), халық күйлерінің ролі өңдемесі арқылы көрсетіледі («Алдар көсе мен шайтандар» мультфильміндегі жекпе-жекте Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйі рок стилінде ойналады), бұл атақты «Матрица» фантастикалық фильмінің көріністеріне жақын. Соңғы кезең мультфильмдеріне Нұрлан Еспанов, Арман Дүйсенов сынды композиторлар атсалысқан.

1. «Ақсақ құлан» немесе «Қанатты барыс» мультфильмдерінен үзінді көру. Томендегі спойлерге басып қараңыз:

2. Альбинони «Адажио» (Режиссер – Гарри Бардин) мультфильмінен саундтрек тыңдау. Спойлерге басып қараңыз:

3. Бұл мультфильмнің тәлім-тәрбиелік мағынасы неде? Жеткізер басты идеясы не? Пікіріңізді жазыңыз.


Нұрғиса Тілендиев (1925–1998)

Нұрғиса Атабайұлы Тілендиев туралы толық ақпаратты спойлерге басып қараңыз:


1. Қазақстан анимациялық музыкасының қалыптасуы мен дамуына сазгер Нұрғиса Тілендиев қандай үлес қосты?
2. Н. Тілендиевтің мультфильмдерге арналған музыкасы қай жылдар аралығында шығарылды?
3. «Ақсақ құлан» (аттас мультфильм), «Көроғлы», «Алдар көсе мен шайтандар» мультфильмдеріндегі музыканы дәстүрлі күймен салыстырып тыңдаңыз. Мультфильмдегі күйдің заманауи өңделуінде дәстүрлі күйден қандай өзгерістер байқалады?




ДАСТАРҚАН

Әнін жазған – К. Дүйсекеев
Өлеңін жазған – А. Нысаналин

Видео

караоке/минус

Ей, халайық, халайық,
Бар өнерге салайық.
Ас ұсынып, бас тартқан,
Жайылып тұр дастарқан.

Қайырмасы:
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан,
Ей-ей-ей!

Жақсы келсе – құт болар,
Жаман келсе – жұт болар.
Жолаушымыз біз деген
Асыл мұрат іздеген.

Қайырмасы:
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан,
Ей-ей-ей!

Айналайын ағайын,
Үміт отын жағайын.
Уайым-қайғы жоқ болсын,
Қуанышың көп болсын.

Қайырмасы:
Дастарқан-ау, дастарқан,
Берекелі дастарқан,
Мерекелі дастарқан,
Ей-ей-ей!

Пікір жазу модулінде:
1. Әннің сөзіне көңіл бөліңіз. Қазақ халқының қонақжайлылығы жайында не айта аласыз?
2. Сіздің ойыңызша, мұндай әндерді қандай жағдайда орындайды?
3. «Дастарқан» әнін қандай топқа жатқызуға болады?
Толығымен

25-сабақ. ЖОБАНЫ ДАЙЫНДАУ ЖӘНЕ ҚҰРАСТЫРУ

Сабақта:
1. Жобаның тақырыбын анықтаймыз;
2. Жобаның жұмыс жоспарын құруды үйренеміз;
3. Ақпарат іздеуді меңгереміз;
4. Жобаны іске асыруды меңгереміз;
5. Топпен жұмыс жасап үйренеміз.



Тапсырмалар:
1. «Музыка және поэзия», «Музыка және өнер», «Музыка және театр», «Музыка және кино» тақырыптары бойынша ұсынылатын
бірнеше жобаларды таңдап, топқа бөлу;
2. Жобаның мақсатын анықта;
3. Әртүрлі іріктелген жобалардың тақырыптары бойынша ақпараттар іздестір;
4. Жоба бойынша жұмыс жоспарын құрастыр;
5. Өз тобыңда жоба тақырыбын талқыла.



Үлгілер:
Жобаның тақырыбы: «Музыка және поэзия»
Жобаның мақсаты: Орыс классиктерінің романстарымен танысу



Міндетті:
- романстар туралы материалдар табу;
- тақырып бойынша слайд-шоу дайындау;
- романстар орындауға дайындалу.



Жұмыс нәтижелері:
- романс туралы, композиторлар туралы баяндама, постер;
- романс туралы, композиторлар туралы слайд-шоу;
- топ болып немесе жеке романс орындау.

Жобаны дайындау және құрастыру 


Толығымен

26-сабақ. ЖОБА НӘТИЖЕЛЕРІН ТАНЫСТЫРУ

Сабақта:
1. Сынып оқушылары алдында өз жұмысыңның нәтижелерін көрсете білуді үйренесің;
2. Сыныптастарыңның және өзіңнің жұмысыңды бағалауды үйренесің;
3. Өз жұмысыңды жетілдіруді меңгересің.



Үлгі:
Жоба тақырыбы: «Музыка және поэзия»
Жоба мақсаты: Класссиктердің өлеңдеріне жазылған романстармен таныстыру
Жобаның түрі: Топтық жұмыс
Пайдаланылған дереккөздер: Әдебиеттер, интернет ресурстары, аудио және бейнематериалдар


Пьер Беранженің сөзіне жазылған А. Алябьевтің «Нищая» романсымен танысу. Орыс тіліне аударған Д. Ленский.
Орыс композиторы А. Алябьев (1787–1851) 200-ге тарта романстарының авторы. Олардың ең танымалы, А. Дельвигтің сөзіне жазылған – «Соловей» шығармасы.
1812 жылы Отан соғысына қатысқан. 1828 жылы Сібірге (кейін Оңтүстік Орал, Орынбор мен Кавказға) жер аударылды. Александр айдауда жүрген кезінде (1834–1835) өзінің «Азиялықтар әндері» атты вокалдық циклін жазады. Мұнда қазақ, башқұрт, татар, түркімен халықтарының ұлттық әуендерін пайдаланды, ал «Қияның жас қыраны неге болмадым» әнін Александр «Қазақ әні» деп көрсеткен. Орынбор маңындағы қазақтар мен башқұрттардың ән-күйлеріне құлақ түріп, оған этнографиялық тұрғыда зер салды. Алябьевтің ең танымал «Соловей» шығармасынан басқа, Пушкиннің, «Зимняя дорога», «Певец», сондай-ақ «Вечерний звон» (И. Козлов), «Нищая» (өлеңі Беранженікі) романстарын айтуға болады.

Әйгілі француз ақыны Беранженің «Нищая» өлеңі, 1840 жылы Д. Ленскийдің аудармасы бойынша, өзінің трагедиялық болмысымен композитордың жан дүниесіне қатты әсер етеді. Алябьевке келгенде бұл романс лирикалық бағыттан драмалық мінезге ауысады.
Орыс халқының осынау атақты романсын орындаушылар көптеп саналады. Романс әйгілі орындаушылардың репертуарына енген. Әр орындаушы романстың мінезін әртүрлі жеткізе білген.

Тыңда және талда: Ж. Бичевскаяның, В. Высоцкийдің орындауларында «Нищая» романсын тыңда.

Бірге талқылаңдар:
1. Романстардың орындалуы немен ерекшеленеді?
2. Қай романстың орындалуы ұнады? Неге?
Толығымен