ЖАС ДОС! Біз музыка әлемімен танысуды жалғастырамыз! Классикалық музыканың інжу-маржандары бізге бай руха- ни қазынаның есігін айқара ашады. Біз әлемдегі ең үлкен музыкалық аспап – орган туралы және оған арнап жазылған музыка жайында білетін боламыз. Академиялық және қазіргі заманғы музыкалық шығармалардың сан алуан жанрлары – симфония, опера, балет, джаз, эстрадалық музыка түрлерімен танысамыз. Қазақ халқының кәсіби аспаптық музыкасы және дәстүрлі әншілік өнері туындыларының шығу тарихын және оларды шығарған өнер қайраткерлерін білетін боламыз. Біз поэзия, театр, кино және бейнелеу өнері туындылары му- зыкамен тығыз байланысты екеніне көз жеткіземіз.
Сабақта: 1. Орган аспабымен және оның құрылымымен танысамыз; 2. Орган аспабына шығарма жазған композиторлармен танысамыз; 3. Музыкалық терминдермен танысамыз; 4. Әр кезеңдегі орган шығармаларын тыңдаймыз; 5. Тыңдалған шығармаларды салыстырып, талдаймыз; 6. «Маңмаңгер» әнін әртүрлі нұсқада тыңдап, талдаймыз. Әнді үйренеміз; 7. Танымал қазақстандық органшы туралы білеміз.
Классикалық музыкадегеніміз — музыкалық өнердегі әртүрлі жанрлардың ең үздік қасиеттерін өз бойына жинаған көркемдік деңгейі биік дүние.
Классикалық музыка(лат.classicus — «үлгілі») ұғымын көбіне классицизм кезеңіндегі, одан кейінгі Ағарту дәуіріндегі жазылған музыкамен байланыстырады. Әсіресе Еуропаның дәстүрлі музыкалық өнерінің туындыларымен. Егер де классикалық музыка деп Еуропадан басқа жерге қатысты қолданса — бұл түсінік қазіргі заман музыкасынан тыс, ертеден келе жатқан дәстүрлі музыканы айқындайды. Мысалы, қазақ халық музыкасы, классикалық араб музыкасы, классикалық түрік музыкасы, классикалық қытай музыкасы т.б.
Классикалық музыка жауһарларына — академиялық музыканың және қазақ халқының кәсіби дәстүрлі музыкасының үздік туындылары жатады. Академиялық музыкада опера, симфония, оратория, соната, прелюдия, сюита, увертюра және тағы басқа жанрлар мен құрылымдар негізіне сүйенеді. Қазақ халқының классикалық музыкасы деп күйші, әнші-жыршыкомпозиторлардың інжу-маржан туындыларын айтамыз. Мысалы сондай інжу-маржан туындылардың бірі Ақан серінің "Маңмаңгер" әні.
Тестілеу модулінде: осы әнде Ақан серi өз сәйгүлігін қалай бейнелегенін көрсетіңіз.
Оргáн [грек. organon (органон) — құрал, аспап] — үрмелі-клавишті музыкалық аспап. Органның алғашқы түрлері Грекия, Италия, Мысыр, Византия елдерінде пайда болды. VII ғасырдан бастап Еуропада, көбінесе шіркеулерде хорды сүйемелдеу үшін пайдаланылды. Кейінгі ғасырларда басқа да елдерде тарайды. Органның дыбыс тембрі ерекше жəне түрлі регистрде шығады. Ол күрделі механизмдерден тұрады. Оның металдан жасалған ұзындығы əртүрлі түтіктері болады.
Əр түтік белгілі тембрде бір дыбыс шығарады.
Ал көптеген түтіктер жоғарғы немесе төменгі бір регистр құрайды. Əрбір регистр үрлеп ойнайтын бір музыка аспабының дыбысын береді. Сөйтіп, түтіктен шыққан бір дыбыс пен бір уақытта шыққан бірнеше регистрлер бүкіл оркестрдің дыбысын құрайды. Органда 1–7 мануал (əрқайсысында 72 клавиш), аяқпен басатын педалі болады. Органға арналған ноталарскрипка мен фортепианоға жазылатын сияқты үш түрлі нота сызықтарына жазылады.
Музыкадағы барокко (итальянша barokko — астарлы, əдеттен тыс) 1600–1750 жылдардың арасында Еуропада кең тараған өнер стилі.
Ол əсіресе Италияда, Испанияда, Германияда, Францияда кең таралған. Барокконың əлеуметтік негізі — шіркеудің жəне сол уақыттағы ақсүйектік қоғамның құдіретін дəріптеу.
Барокко кезеңінің композиторлары жəне орындаушылары музыкалық классиканың ажырамас бөлігі болып табылады. Сол уақыттағы шығармалар қазіргі заманда кеңінен орындалады. Олар — Иоганн Себастьян Бахтың фугалары, Георг Фридрих Гендельдің «Мессия» ораториясынан «Аллилуйя» хоры, Антонио Вивальдидің «Жыл мезгілдері» концерттері.
Музыкалық жанрлардың ауқымы кеңейіп, музыкалық шығармалардың күрделілігі арта түсті.
И. С. Бахтың ре минорлы «Токката мен фугасының» бейнежазбасын қарап,
П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының фортепиано факультетін органшы және пианист мамандығы бойынша тәмамдаған (1985).
П.И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын бітірген (1987).
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 60 жылдығына арналған «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының тарихы» атты мерейтой басылымының авторы (2004).
1985 жылдан – Жамбыл Қазақ мемлекеттік филармониясының органшысы.
1997 жылдан – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқу жұмысы жөніндегі проректоры.
2002 жылдан – стратегиялық даму және ұйымдастыру жұмыс жөніндегі проректоры.
2005 жылдан бері – Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының органшысы.
Марапаттары
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті (2004), Құрметті профессоры (2008).
Сабақта: 1. Батыс Еуропа классикалық музыкасының негізгі даму кезеңдерімен және оның көрнекті өкілдерімен танысамыз; 2. Музыкалық терминдермен танысамыз; 3. В.А. Моцарттың № 40 симфониясын тыңдаймыз; 4. Қазақтың халық әні «Ақ дариғаны» үйренеміз; 5. Қ. Мусиннің «Жайлауда» симфониялық поэмасымен танысамыз.
Симфониялық музыка — симфониялық оркестрде орындауға арналған күрделі музыкалық шығарма. Симфониялық музыканың негізгі жанрлары: симфония, увертюра, концерт, сюита, симфониялық поэма, фантазия, т. б. Классикалық музыканың негізгі даму кезеңдері — музыкалық классицизм (1750–1820), романтизм (1800–1910), импрессионизм. Өзіне дейінгі кезеңдердің жетістіктерін дамытқан ХХ ғасырдағы симфониялық музыкада мазмұн мен құрылым жаңарды. ХVІІІ ғасырда симфониялық оркестрдің классикалық түрінің қалыптасуына байланысты симфониялық музыка кеңінен дамыды. Оның негізін қалаған композиторлар — Йозеф Гайдн,Вольфганг Амадей Моцарт, Людвиг ван Бетховен. Олар — Вена классикалық мектебінің өкілдері. Олардың шығармашылығында симфонияның классикалық (төрт бөлімді) үлгісі, сондай-ақ концерт (үш бөлімді), увертюра (бір бөлімді), т. б. туындылар қалыптасты. Классикалық өнер сезім мен ақыл, пішін жəне мазмұн арасындағы нəзік теңгерімді ерекшелеп, адамның əрекеттері мен сезімдерін, ақыл-ой даналығын алға тартты. Соната формасы осы кезеңнің көптеген шығармаларында басымдыққа ие болды. Соната формасында екі тақырыптың күресі, талас-тартысы болады. Музыкадағы романтизм бағыты 1820 жылдары қалыптаса бастады.
Музыкадағы романтизм адамның ішкі жан дүниесіне үңілу қасиеттерін бойына сіңіре отырып дамыды. Романтикалық музыканың бейнелілігі артты.
Романтизм дәуіріндегі музыканттар Н. Паганини, Ф. Шопен, Ф. Лист, Р. Шуман, Г. Берлиоз, Р. Вагнер, П. Чайковскийасқан орындау шеберлігі арқасында өз елінің ұлттық музыка дәстүрін танытты. Романтикалық музыка өзінен кейінгі импрессионизм дәуірі үшін құнды қазына болды. Импрессионизм («impression» — əсер) — ХІХ ғасырдың 2-жартысы мен ХХ ғасырдың басында өнерде пайда болған ағым. Негізінен суреткердің өмірден алған өткінші əсері мен сəттік көңіл күйіне құрылады. Бейнелеу өнерінде импрессионизмнің жекелеген белгілері 1860 жылдары француз суретшілерінің (Э. Мане, О. Ренуар, Э. Дега) еңбектерінде көріне бастады. Музыкадағы импрессионизмнің негізін салушы Клод Дебюрси өз шығармашылығында музыканың бейнелеу тәсілдеріне ерекше көңіл бөлді. Ол музыканың гармониялық және тембрлік бояуларын, оркестрлік техникасын байытты. Морис Равель (Франция) мен Мануэль де Фалья (Испания) музыкалық импрессионизмнің шеберлері еді. Симфонияның 1-бөлімі Сонаталық аллегро құрылымында жазылған үш тараудан тұрады (экспозиция, өрбітуші тарауы және реприза).
Экспозиция төрт тақырыпқа негізделеді — басты (главная), байланыстырушы (связующая), қосалқы (побочная) және қорытындылаушы (заключительная). Әр тақырып өз мінездемесімен ерекшеленеді. Басты тақырып — екпінді, қарқынды, буырқанған мінезді. Байланыстырушы тақырып — жүрдек екпінді. Қосалқы тақырып нәзік, лирикаға толы сезімдерді жеткізеді. Қорытындылаушы тақырып — орындалған сарындарды бекітіп, жаңа үндестілікті орнықтырады. Өрбітуші тарауы басты тақырыпты дамытады. Реприза — экспозиция тақырыптарын басқа үндестілікте қайталап, оған драмалық леп қосады.
1. В.А.Моцарттың № 40 симфониясының 1-бөлімінен үзінді тыңдаңдар (соль минор). 2. В.А.Моцарттың симфониясының басында қандай аспаптар орындайды? 3. Сенің ойыңша В.А.Моцарттың осы симфониясы адамның қандай сезімдерін оятады?
АҚ ДАРИҒА
Халық әні
Қолымда бір қамшым бар бүлдіргелі, Айтайын мен бір сөзді күлдіргелі. Орныңнан әрі отырған, ахау, бермен отыр, Қолымда қармағым жоқ ілдіргелі-ай. Хай ли-ли, хай ли-ли, хай ли-ли-ляй Ақ дариға, ілдіргелі-ай. Қолымда бір қамшым бар бунақтаған, Бәйгеден екі ат келер ойнақтаған. Жүрмісің есен-аман, беу, қарағым, Көзіңнен айналайын жайнақтаған.
Ән мәтінін мәнерлеп оқы. «Тізбекпен» айтамыз. Төрт топқа бөлінеміз. Бір топ әннің бір тармағын айтып, екінші топқа кезек береді. Ал «Ақ дариға, ілдіргелі-ай», «Ақ дариға, жайнақтаған-ай» деген жолдарын сынып оқушылары бірге орындауы қажет.
Қапан Мусин — танымал қазақ композиторы. Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1936–1941 жылдары Мәскеу консерваториясының Қазақ студиясын тәмамдады. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1953 жылы Алматы консерваториясының композиция класын бітірді.
Төмендегі пікір жазу модулінде: 1. Симфониялық оркестрдің басқа оркестрлерден айырмашылығы туралы өз түсінігіңді жаз.
2. Симфония жанрын сараптау туралы біліміңді қолданып, «Жайлауда» симфониялық поэмасының негізгі және қосалқы тақырыбын анықта.
Сабақта: 1.Опера және балет өнерімен танысу; 2. Опера мен балет шығармаларын жазған композиторларды білу; 3. Музыкалық терминдерді түсіне білу; 4. Опера мен балет шығармаларынан үзінді тыңдау; 5. Қазақ операсы мен балеті туралы дерек алу; 6. «Біржан–Сара» операсынан хор үйренеміз.
Опера – музыканың ең бай жəне күрделі жанры болып саналады. Операда поэзия жəне драмалық өнер, вокалдық жəне аспаптық музыка, би, кескіндеме, сахна суреттері жəне сахналық киімдер тұтастық құрайды. Операдағы музыка уақиғаның басты қозғаушы күші болып табылады. Жеке әнші орындайтын күрделі, кең тынысты ария, ариозо, каватина және речитатив (речитатив – тар көлемді əуенге негізделген, сөйлеу мәнеріне жақын сарын), топпен орындалатын: дуэт (екі адам), трио (үш адам), квартет (төрт адам), квинтет (бес адам), яғни ансамбльдер, хор көріністері, билер, оркестрлік нөмірлер (увертюра, антракт) опералық музыканың алуан түрлерін құрайды. Опера жеке жанр болып ХVI–XVII ғасырлар аралығында қалыптасты. Опера жанрының XVIII–XIX ғасырлардағы Батыс Еуропадағы көрнекті өкілдері: К.В. Глюк (Австрия); В.А. Моцарт (Австрия), Дж. Верди (Италия), Р. Вагнер (Германия), т.б. ХІХ ғасырдағы орыс операсының негізін салушы М.И. Глинканың жолын М.П. Мусоргский, П.И. Чайковский, Н.А. Римский-Корсаков, А.П. Бородин дамытты. Орыс композиторларының операсына халықтық сипаттағы реализм тән. Қазақстанда опера жанры ХХ ғасырдың 30-жылдарынан бастау алады. 1934 жылы Е.Г. Брусиловский операның алғашқы орындаушылары Күләш Байсейітова, Канабек Байсейітов, Ғарифолла Құрманғалиев, Құрманбек Жандарбековпен бірлесе, əн-күй байлығын негіз еткен қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібекті» сахна төріне шығарды.
2013 жылы Астана қаласында «Астана Опера» ұлттық опера және балет театры ашылды.
Балет – хореографиялық бейнелер арқылы сипатталған сахналық өнердің түрі. Классикалық балеттің негізінде драматургиямен байланысқан уақиға желісі либретто арқылы баяндалады. Балет Еуропа өнерінде XV–XVI ғасырларда сарай көрсетілімі ретінде Италияда пайда болды. Кейін ол Францияда сән-салтанатты ойын-сауық ретінде дамыды. Балеттің дербес сахналық өнер ретінде қалыптасуы XVIII ғасырдың 2-жартысында француз балетмейстері Ж. Новеррдің бетбұрыс жасауымен байланысты. Ресейде өркендеген балет өнеріне П.И. Чайковский өлшеусіз зор үлес қосты. Оның «Аққу көлі», «Ұйқыдағы ару», «Щелкунчик» («Шерткіш») атты туындылары – балет өнерінің жауһарлары. Қазақ елінде ХІХ ғасырдағы сал-серілердің ән мен күй өнерлерінде би қимылдары жүзеге асты. Əншілер Берікбол Көпенұлы («Ағашаяқ»), Шашубай, күйші Тəттімбет əсем саз ырғағымен жылқыларды билетсе, Дәулеткерей мен Қазанғап «Ақжелең» бишіл күй ырғақтары арқылы жан дүние түкпірінде жатқан нәзік сезімдерін білдірді.
1934 жылы Алматы қаласында республикада тұңғыш хореография училищесі мектеп түлектерін қабылдай бастады. Ал Опера жəне балет театрының музыкалық студиясының жанынан балет тобы құрылды. Студияның алғашқы үйренушілерінің ішінде қазақтан шыққан тұңғыш кəсіпқой биші Ш. Жиенқұлова болды. Студиялықтардың бірінші шығармашылық қадамы 1934 жылдың каңтар айында Мұхтар Əуезовтің«Айман–Шолпан» музыкалы қойылымына (Жұмат Шанин қойған) қатысудан басталды. 1937 жылы Қазақстандағы алғашқы балет – В. Великановтың «Қалқаман–Мамыр» туындысы сахналанды. 1967 жылы Қазақ КСР халық артисі Болат Аюхановтың жетекшілігімен тағы бір өнер ұжымы шаңырақ көтерді. Ол əуелі «Алматының жас балеті», ал 2003 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры болып қайта құрылды. Бұл ұжым классикалық балет миниатюраларымен бірге «Шопениана»
«Шопениана» – Фредерик Шопеннің музыкасына арналған балет сюитасы. Балеттің нақты, дамып отыратын сюжеті жоқ. Бұл сюитаның билері Шопеннің музыкасына тән көңіл-күйді пластикалық образдар тілімен бейнелейді: романтикалық арманшылдық пен меланхолиялық қайғыдан жарқын, нұрлы қуанышқа дейін. Шопеннің әуенінен кейінгі би көрерменді композитордың поэтикалық, шығармашылық әлемімен таныстырады.
, «Кармен-сюита», «Болеро», «Қозы Көрпеш–Баян сұлу», «Шыңғыс хан», «Қыз Жібек» сияқты басқа да ұлттық, əлемдік хореографиялық бір актілі балеттерді орындап келеді. Сонымен бірге «Гүлдер», «Салтанат» би ансамбльдерінің репертуарын қазіргі эстрадалық хореографиялық билер құрайды.
2015 жылдың 11 наурызында Астанада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Орталық Азияда тұңғыш балет өнерінің жоғары оқу орны Қазақ ұлттық хореография академиясы ашылды.
Ермек Серкебаев (1926–2013) – қазақ халқының әйгілі опера әншісі, лирикалық баритон, КСРО-ның халық артисі, Қазақстанның халық артисі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор, қоғам қайраткері.
1. Дж. Россинидің «Севиль шаштаразы» операсынан Фигаро ариясын тыңда.
33998 Шара Баймолдақызы Жиенқұлова – 1912 жылы 18 тамызда Алматы қаласында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Гүлшара. Әкесі Баймолда күллі Жетісу өңіріне әйгілі молда адам болған. Шара Жиенқұлова он алты жасында «Биші қыз» атағын иеленді. Үлкен сахнадағы өнер жолын жолдасы Құрманбек Жандарбековпен бірге Қазақ драма театрында бастаған. 1924-1930 жылдары Шара Жиенқұлова Қазақ Педагогикалық Институтының тарих факультетінде оқыды. Бейімбет Майлиннің «Майдан» пьесасындағы Пүліш бейнесі – оның театрдағы алғашқы сомдаған рөлі. Кейін ол Мұхтар Әуезовтің «Еңлік–Кебек» пен «Қарагөз» қойылымдарында басты рөлдерді сомдады. 1934 жылы өз жұмысын Музыкалық драма театрында (қазіргі Абай атындағы Мемлекеттік Қазақ опера және балет театры) жалғастырды. Мұхтар Әуезовтің «Айман–Шолпан» музыкалық драмасында, Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», «Жалбыр» және «Ер Тарғын» операларында бой көрсетті.
Шара Жиенқұлова 1936 жылы Мәскеуде өткізілген Қазақ әдебиеті және өнерінің онкүндік мәдени шарасына қатысып, өзге халықты ұлттық би өнерімен таңғалдырды. 1938 жылы қазақтың тұңғыш балеті «Қалқаман–Мамыр» қойылымында ол басты кейіпкер Мамырдың партиясын орындады. Балетмейстер Л.А. Жуковпен бірлесе отырып, 1940 жылы И.Н. Надировтың «Көктем» балетін қойды. Ш. Жиенқұлова өз жұмысын 1940-1962 жылы Қазақ филормониясында жалғастырды. 1962-1966 жылдары Қазақ ән-би ансамблінің басшысы болды. 1966-1975 жылдары Алматы хореография училищесінің директоры қызметінде болды. Ол қазақ өнерінің дамуына сүбелі үлес қосты. Ұлттық би өнерін ғылыми тұрғыда терең зерттеп, қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүр, халық билеріне жаңа дем берді. Ол «Айжан қыз», «Қара жорға», «Тәттімбет», «Қырық қыз» т.с.с. билерді дүниеге әкелді.
Шара Жиенқұлова театрда ғана емес, өз таңбасын кинода да қалдырған. 1938 жылы «Амангелді» фильмінде Балым рөлін сомдады. Шәкен Аймановтың 1957 жылы түсірілген «Біздің сүйікті дәрігер» фильмінде қазақтың мың бұралған бишісі өзін-өзі сомдады. Марапаттары: 1936 – Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі; 1938 – Қазақ КСР халық әртісі; 1968 – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Ленин, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және бірқатар медальдармен марапатталған. «Қазақ биі», «Сымбат», «Өмірім менің – өнерім», «Би құпиясы» кітаптарының авторы. Шара Жиенқұлова 1991 жылы 21 мамырда сексенге қараған шағында Алматы қаласында көз жұмды.
Төмендегі пікір білдіру модулінде:
1. Шара Жиенқұлова шығармашылығы жайында ақпарат іздеп, ауызша қысқа хабарлама құрастыр (әңгіме, слайд-шоу дайындау).
2. Опералық шығарманың басты элементі не деп ойлайсың?
3. Операның құрамдас бөліктерін ата.
Төмендегі тестілеу модулінде:
- «Қыз Жібек» операсының алғашқы орындаушыларын ата.
- «Қыз Жібек» операсының алғашқы композиторын ата.
- «Астана Опера» жаңа опера және балет театры қай жылы ашылды?
Сабақта: 1. Қазақ халқының кәсіби күйшілік өнерімен танысамыз;
2. Дәстүрлі күйшілік мектептер жөнінде білеміз;
3. Музыкалық терминдерді түсініп, үйренеміз;
4. Тәттімбет және Құрманғазының күйлерін тыңдаймыз;
5. Төкпе және шертпе күйге салыстырмалы талдаулар жасаймыз;
6. Тақырып бойынша сұрақтарға жауап береміз.
Қазақ халқының кәсіби музыкасының негізі ертеректе қалыптасқан. Әсіресе ХІХ ғасыр қазақ халқының өнерінде «алтын ғасыр» деп аталады. Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Сүгір, Дина сынды дәулескер күйшілер осы ғасырда туып, қазақ өнерінің аспаптық музыка саласын дамытқан. Қазақ даласында ғасырлар бойы аймақтық, орындаушылық ерекшеліктеріне, тағы да басқа сипаттарына байланысты жеті түрлі күйшілік дәстүрлер мен мектептер қалыптасқан және олар сол аймақтардың, өңірлердің атымен аталады. Олар: Шығыс, Арқа, Қаратау, Жетісу, Сыр бойы, Батыс және Маңғыстау күйшілік дәстүрлері. Күйлер, негізінен, үш аспапта – домбыра, қобыз, сыбызғыда орындалған. Соның ішінде, дәстүрлі қазақ музыкасының мейлінше кең таралған саласы – домбыра күйлері. Сонымен қатар домбырада күй тартудың негізгі екі жүйесі қалыптасқан. Шығыс Қазақстандық шертпе күй дәстүрі және Батыс Қазақстандық төкпе күй дәстүрі. Шертпе күйшілік дәстүр Шығыс, Арқа, Қаратау, Жетісу өңірлеріне тән (Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы, Оңтүстік Қазақстан облыстары). Төкпе күйшілік дәстүр Батыс, Сыр бойы, Маңғыстау аймақтарында қалыптасқан (Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау облыстары). Күй жанры ХІХ ғасырда өз дамуының шырқау шыңына көтерілген. «Жалпы, музыка атаулы нәрсе елдің ішкі сезім байлығын білдіретін болса, соның ішінде ең толғаулысы, ең сырлысы – күй», – деп заңғар жазушы М. Әуезов айтқандай, күй – халқымыздың музыкалық қазынасының ең бір мол саласы.
Төкпе күй домбырасы
Шертпе күй домбырасы
1. Тәттімбеттің «Саржайлау» және Құрманғазының «Балбырауын» күйлерінен үзінді тыңдаңдар.
Төмендегі пікір жазу модулінде: 2. Орындаушылық мәнері мен әуендік ерекшеліктерін салыстырыңдар және өз пікірлеріңді жазыңдар. 3. Күйдің қай нұсқасы ұнайды және не себепті?
Тәттімбет Қазанғапұлы – күйші-композитор, домбырашы, Сарыарқа күйшілік дәстүрінің ең көрнекті тұлғасы, шертпе күй орындаушылық мектебінің негізін қалаушылардың бірі. Ол 1815 жылы бұрынғы Семей губерниясы Қарқаралы өңірінің Мыржық тауының етегіндегі Қызылжал қыстауында (қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы) дүниеге келген. Әкесінің інісі Әлі асқан күйші болмағанымен, өз төңірегінің назарына іліккен домбырашы болған. Тәттімбетке домбыраны бала кезінде осы Әлі үйретеді. Тәттімбет – ел арасында сері атағына ие болған өнерпаз. Бұл туралы академик Ахмет Жұбанов: «Тәттімбеттің жасынан «сері» атануы да тек талантының ерте көрінуінен емес, бір жағынан әдемі киініп, атының ер-тұрманын, ноқта-жүгенін, құйысқан-өмілдірігін әшекейлетіп, күміс шаптырып, ал аттың жабуын кестелетіп, зерлетіп – осындай неше алуан сахара жағдайында «қызылды-жасылды» болып жүруі, оны артист етіп көрсеткен», – деді.
Төкпе күй дәстүрінің көрнекті өкілдерінің бірі, қазақтың аспаптық музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының туып-өскен жері – Бөкей хандығы, қазіргі Орал облысының Жаңақала ауданына қарасты Жиделі деген жер. Құрманғазы – қазақ музыка тарихында ерекше орны бар аса ірі тұлға. Батыс Қазақстан күйшілік дәстүрінің ең көрнекті тұлғасы, күй атасы атанған, әлемдік өредегі алып композитор. Құрманғазының алғашқы ұстазы Ұзақ деген күйші болған. Құрманғазы күйлері өмірбаяндық негізге құрылған. Оның күйлері – өз өмірінің шежіресі сияқты. Олар – нақты болған оқиғаларға байланысты шығарылған, әрқайсысының тарихи негізі бар туындылар. Құрманғазы күйлерінің құрылымы негізінен буындық жүйеге құрылған. Бас буын, орта буын, кіші саға, үлкен саға.
АМАН БОЛ, ШЕШЕМ, АМАН БОЛ
Орташа, сөйлете Құрманғазы
[
Төмендегі тестілеу модулінде:
1. Құрманғазының ұстазы кім болған?
Төмендегі пікір жазу модулінде:
1. Шертпе күйдің орындаушылық ерекшелігі қандай? (пікіріңізді қалдырыңыз) 2. Төкпе күйдің орындаушылық ерекшелігі қандай? (пікіріңізді қалдырыңыз) 3. Тәттімбет күйлерін тыңда және олардың шығу тарихын біліңіз. (пікіріңізді қалдырыңыз) 5. Шертпе күйшілер жөнінде слайд жасаңыз. (пікір жазу модуліне жүктеңіз)
Сабақта: 1. Қазақ халқының ауызша-кәсіби әншілік өнерімен танысамыз;
2. Дәстүрлі әншілік мектептердің көрнекті өкілдері туралы білеміз;
3. Музыкалық терминдерді түсініп, үйренеміз;
4. Біржан сал, Мұхит Мералыұлы және Кенен Әзірбаевтың әндерін тыңдаймыз және айтамыз;
5. Тыңдалған әндерге талдаулар жасаймыз.
Ән – халқымыздың тыныс-тіршілігімен ықылым заманнан бері біте қайнасып келе жатқан, тұрмыс-салтымызда ерекше орын алатын өнер. Әсіресе, қазақтың ауызекі түрде дамыған кәсіби ән өнері ХІХ ғасырдың екінші жартысында айрықша көркем құбылыс ретінде қазақ даласының әр өңірінде оқшауланып, әр аймақта тек сол өлкеге тән өзіндік ерекшелігімен дараланды. Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр жерімізде әншілік дәстүр әуендік, орындаушылық ерекшеліктеріне байланысты бірнеше өлкелік мектептер болып қалыптасты. Атап айтқанда, Алтай-Тарбағатай, Арқа, Жетісу, Сыр бойы, Батыс Қазақстан әншілік, орындаушылық дәстүрлері. Арқа әншілік мектебі – Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Естай, Мәди, Майра т.б., ал Сыр бойы –Жиенбай, Нұртуған, Нартай әншілік-жыршылық мектебі, Жетісуда Сүйінбай, Жамбыл, Кенен, Дәнеш сияқты ақын-жыршы, әнші-композиторлардың шығармашылық мұралары өзіндік қолтаңбаларымен ерекшеленеді. Батыс әншілік мектебін ерекшелейтін Махамбет, Мұхит – жеке-дара орындаушылық дәстүр болса, Маңғыстау жырлары және жеті қайқы әндері өзінше бөлек салаға бөлінеді. Сонымен қатар еліміздің шығыс өңірінде өзіндік ерекше нақышпен, жаңашыл бағытта қалыптасқан Абай және оның ақын, әнші шәкірттері Шәкерім, Ақылбай, Әсет, Уәйіс, Берікбол, Мұхамеджан, Шәкір Әбенов сияқты әнші-композиторлардың әншілік үрдісі өз алдына айрықша мектеп болып табылады.
Қазақ халқының әншілік дәстүрінің кәсіби қалыптасуы сал-серілік өнермен тығыз байланысты болды. Арқа әншілік мектебінің негізін қалаушылардың бірі, сал-серілік дәстүрдің көрнекті өкілі – әнші, композитор, ақын Біржан сал Қожағұлұлы 1834 жылы қазіргі Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданында дүниеге келген. Бозбала кезінен ел арасында әншілігімен көзге түсіп, жасы жиырмаға таяған кезде ән шығара бастаған. Біржан салдың дауысы өте зор, жеті қырдан асатын болған. Әнші-ақындардың қасына еріп, той-думанның сәніне айналады. Өз атына «сал» атауы қосарланып айтылатын болды.
1. Біржан салдың «Он саусақ», Мұхит Мералыұлының«Айнамкөз», Кенен Әзірбаевтың «Туған жер» әндерін тыңдап оған сипаттама беріңдер. (пікір жазу модулінде) 2. Әндердің орындаушылық мәнерлерін салыстырыңдар, өз пікірлеріңізді жазыңыздар. (пікір жазу модулінде)
Еліміздің батыс өңіріндегі әншілік мектептің қалыптасуына ықпал еткен ерекше дарын иесі Мұхит Мералыұлы болды. Мұхиттың арғы аталары төрелерден тарайды. Мұхит әндері – биік регистрде орындалатын кең ауқымды, өршіл әндер. Орындаушыдан табиғи дарынды, арнайы дайындықты қажет етеді. Оның шығармашылығы, орындаушылық ерекшеліктері өз алдына дара мектеп болып қалыптасты. Мұхит әндерінің диапазон кеңдігі, әннің ішкі табиғаты, ән характерін ашуда домбыра сүйемеліндегі айрықша қағыстары оның орындаушылық мектебін анықтайды. Әнші-композитор, ақын, күйші-домбырашы Мұхит (Мұхамбеткерей) Мералыұлы 1841 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Ақбақай ауылында дүниеге келген. Сол жерде 1918 жылы дүниеден өтті.
Жетісу әншілік дәстүрінің көрнекті тұлғасы Кенен Әзірбаев 1884 жылы казіргі Жамбыл облысы Қордай ауданының Мәтібұлақ деген жерінде дүниеге келген. Әке-шешесінің өнерін құлағына құйып өскен Кенен шешесінен ерте айырылып, жетім қалады. Ең алғашқы шығармаларының бірі – «Бозторғай» әні. Кененнің әншілік, композиторлық, ақындық өнері жөнінде көп деректер жазылған.
Төмендегі пікір жазу модулінде:
1. Сал-сері деп қандай адамды айтамыз?(пікіріңізді жазыңыз) 2. Біржан сал, Кенен Әзірбаев, Мұхит жөнінде қосымша мәліметтер іздестіріп слайд жасаңыз.(слайдты пікір жазу модуліне жүктеңіз) 3. Халықтық мәнерде ән шығаруға талпыныс жасап көріңіз. 7. Венн диаграммасы арқылы композиторлар шығармашылығын салыстыр.
ТУҒАН ЖЕР
Кенен Әзірбаев
Туған жер, тауың да ыстық, тасың да ыстық, Туған жер, бауырың да ыстық, басың да ыстық. Тоғайың, топырағың аунап өскен, Тобылғың, төбелерің қандай ыстық.
Қайырмасы:
Туған жер, туған жер, Балапан, көбелек қуған жерім-ай! Туған жер, сай мен сала аймағында, Ән шырқап қазақ, қырғыз жайлауында. Салқын су, самал желі жұпар аңқып, Менің де әсер бердің сайрауыма.
Сабақта: 1. Қазақстанның кәсіби академиялық музыкасының жанрларымен танысамыз;
2. Қазақстанның симфониялық, фортепианолық және вокалды музыка жазған композиторларымен танысамыз;
3. Симфониялық күй жанры туралы дерек аламыз;
4. Қазақстан композиторларының симфониялық, фортепианолық және вокалдық шығармаларын тыңдаймыз;
5. Б. Байқадамовтың «Домбыра» әнін үйренеміз;
6. Қазақ фортепиано музыкасының іргетасын қалаған және қазақтан шыққан тұңғыш пианист жайында мағлұмат аламыз.
Қазақтың академиялық кәсіби музыкасының қалыптасуы ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастау алады. Қазақстан композиторлары симфониялық увертюра, симфониялық поэма, симфониялық сюита жанрларын игеріп, ХХ ғасырдың 30–40-жылдарындағы бұл бағыттағы шығармалардың əуендік негізі халықтық дайын əуендерге сүйенді. Осы кезеңнің симфониялық музыкасына Е. Брусиловский, А. Жұбанов, М. Төлебаев зор үлес қосты. Күйдің дүниетанымдық, философиялық заңдылықтары мен заманауи тəсілдердің үйлесімі Ғ. Жұбанованың «Жігер» симфониясынан көрініс тапқан. Бес бөлімінің əрқайсысында ұлы сазгер Дəулеткерейдің күйлері шығарманың басты идеясын адам тағдыры мен жеке тұлғаның өмір күйзелістерін жеңуін жеткізеді. Симфонияның 4-бөліміндегі шарықтау шыңында «Жігер» күйі орган аспабымен орындалады.
Бұл тəсіл арқылы симфонияның басты идеясы бүкіл əлемдік сипат алады. Қазақстан симфониялық музыкасының жаңа белесі симфониялық күй жанрының туындауымен байланысты. Е. Рахмадиевтің «Дайрабай» жəне «Құдаша-думан» симфониялық күйлері – төкпе күй құрылымының негізінде симфониялық оркестрмен орындалған шығармалар.
ХХ ғасырдың 60–70-жылдарынан бастап Қазақстанның симфониялық туындыларында бірнеше ұлттық мектептер дараланды. Олар қазақ, орыс, ұйғыр, дүнген, корей, т.б. Əсіресе ұйғыр мектебінің көрнекті өкілі Құддыс Қожамияров пен дүнген симфониялық музыкасының негізін салушы Бəкір Баяхунов сынды композиторлар осы бағыттағы музыкаға зор үлес қосты. Олардың туындыларында симфонияның заңдылықтары өз халықтарының дəстүрлі музыкасының көркем тіл жүйесімен үйлесім табады.
ХІХ ғасырда дамуы биік шыңға жеткен қазақтың əн мəдениеті ХХ ғасырда өз жалғасын тауып, жаңа белеске көтерілді. Ол ХХ ғасырдың 30–40-жылдарында ел ішінен халық əндерін жинап, фортепиано сүйемелдеуімен орындалатын вокалды өңдеулер жасаған А. Затаевич, Б. Ерзакович, М. Төлебаев, Л. Хамидидің туындыларынан басталды. ХХ ғасырдың 50–60-жылдарында қазақ романсының классикалық үлгісін Мұқан Төлебаев қалыптастырды.
Мұқан Төлебаевтың мемориалды мұражайы (Алматы облысы)Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет Мұқан Төлебаевтың мемориалды мұражайыҚазақ опера мұрасының алтын қорын байытып, әлемдік опера деңгейімен теңестірген алғашқы ұлттық сазгерлеріміздің бірі – Мұқан Төлебаев. М. Төлебаев КСРО-ның халық артисі, КСРОМемлекеттік сыйлығыныңлауреаты, аса көрнекті композитор, қазақ музыкасының классигі, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі. М. Төлебаев 1913 жылдың 13 наурызында қарт Балқаштың жағалауындағы Қарашыған атты ауылда, Бөрлітөбе ауданына (қазіргі Сарқан ауданы) қарасты «Үлгі» колхозында дүниеге келген. Композитордың әкесі – Төлебай Үйсінбайұлыреволюцияға дейін мал бағу, егін салуды кәсіп еткен, «Үлгі» колхозын ұйымдастыруға қатысқандардың бірі болған, анасы – Тәжібала Ақшалқызы бетіне ешкімді келтірмеген адуынды, бірбеткей кісі болыпты. Сондықтан да ол ескі әдет-ғұрыптың шеңберіне сыймай, өнер жолына өз тірлігімен, өз талабымен мүмкіндік алған дарынды ана. Қай адамның болмасын қалыптасуына, азаматтық қасиеттерінің айқындалуына оның айналасы әсер етпей қоймайды. Бұл ретте Мұқанның бала жастан бастап ауыз әдебиетінің бай үлгілерінен сусындағанын атай өткеніміз орынды. Көкірегі ояу айтыскер ретінде танылған өз анасы Тәжібала мен сүйегіне сөз сіңген әкесінің інісі Апырбайдан талай жыр-қиссаларды, есімі елге белгілі салқам сері Құл ақынның өлеңдерін ұзақ түнге тыңдап өскен. Жас Мұқанның өнерге деген құштарлығын ұштауына, кейіннен ұлы композитор болып қалыптасуына осы адамдардың ықпалы тигені сөзсіз.
Мұражайдың құрылуы
Осындай дарынды ұлы композитордың құрметіне ашылған мұражай ғимаратының іргетасы 1941 жылы қаланды. Сол кезден бастап 1983 жылға дейін тұрмыстық комбинат мекемесі ретінде қолданыста болды. Кейіннен 1983–1993 жылдар аралығында ғимарат әскери комиссариаттың қолданысына берілді. Ал 1993 жылдан бастап М. Төлебаевтың мемориалды мұражайы ретінде қызмет атқара бастады. Мұражай даңқты композитордың 80 жылдық мерейтойына орай ашылған. Мұражайдың ашылуына композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Е. Рахмадиев, сол кездердегі Талдықорған облысының әкімі С. Ақымбеков, Бөрлітөбе ауданының әкімі А. Тұрғанбеков, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Р. Есдәулетов, М. Тынышпаев тарихи-өлкетану мұражайының директорыК. Нұртаев және мұражайдың алғашқы директорлары болған Г. Төлеубаева, Мұқан Төлебаевтың немере інісі, марқұм Қ. Дүйсембековтер зор үлес қосты. Ал 1994 жылы мұражайдың алдына аса көрнекті композитор Мұқан Төлебаевты мәңгі есте қалдыру мақсатында ескерткіш қойылды. Мыстан құйылған мүсіннің авторы Едіге Рахмадиев. Мұражайда музейлік маңызы бар материалдар саны – 1422 болса, оның 673-і негізгі қорды, 749-ы көмекші қорды құрайды. М. Төлебаев аз ғана ғұмырында өнер көгінде өшпес ізін салып үлгерген құйрықты жұлдыз іспетті. Кең құлашты, мол тынысты, шалқар шабытты образға беріле отырып, өнер әлеміне көптеген классикалық шығармалар әкелді. Соның бірі әлемдік деңгейде жазылған «Біржан–Сара» операсы. Ол саз мектебінің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихқа енген. Мұражайда М. Төлебаевтың 500-ден аса құжаттары мен пайдаланған заттары бар. Киген киімдері, ғылыми құндылығы жоғары еңбектері «Біржан–Сара» операсының, «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Жеңіске» әндерінің түпнұсқасы, өз қолымен жазған классикалық, симфониялық шығармалары, әндері мен романстары, қолтаңбасын қалдырған музыкалық аспаптары, т.б. заттары аса ұқыптылықпен сақталған.
Мұражайдың ішкі бөліктері
Мұражайдың әр залы композитор өмірінің, яғни өмір есігін ашқан кезеңнен бастап жарық дүниеден озғанға дейінгі бағындырған белестерін бейнелеп тұратын үш экспозициялық залдан тұрады. Ондағы құжаттар арқылы сазгердің кешегі Одақ көлемінде аты мәшһүр болғанын көруге болады. Сонымен қатар композитордың 1942–1944 жылдары Қазақтың халық аспаптар оркестрінің дирижері қызметін атқарған кезеңінен сыр шертетін естеліктер де қызықтырмай қоймайды. Қазір қолданыста жоқ, сол заманның ұлттық аспаптары, сахналық киім үлгілері жайлы мол түсінік қалыптастыруға болады. Ал бүгінгі күнде біртуар қазақтың маңдайалды жұлдызынан қалған шаңырақ өз мекенінің мақтанышына айналған. Мұражай экспозициясынан композитордың шеберлікті шыңдау жолындағы ізденістері, азаматтық, адамгершілік бітім-болмысы, үлкен өнерге деген ынта-жігері кеңінен көрініс береді.
М. Төлебаев мемориалды мұражайының экспозициясының тақырыптары:
М. Төлебаевтың отбасы мен балалық шағы;
М. Төлебаевтың отбасына тиесілі тұрмыстық заттар;
Өлкеден шыққан ақын-сазгерлер;
М. Төлебаевтың өнер жолының басталуы;
Әлемдік деңгейдегі классиктер;
Қазақ сазгерлері;
Мұқан Төлебаевтың өмірінің соңғы жылдары және оның есімін мәңгі есте қалдыру.
Мұражайдың алға қойған басты мақсаттарының бірі – Мұқанның кейінгі ұрпаққа қалдырған асыл қазына, құнды еңбектерін жинақтап, өмірі мен қызметін зерттеу, оның еңбектері, жазған шығармаларының терең сырлары мен көркемдік ерекшеліктерін көпшілікке таныстыру. Композитор М. Төлебаевтың 100 жылдық мерейтойының қарсаңында мұражай қызметкрлері ғылыми-зерттеу және жинау жұмыстарын жүргізуде. Мұражайда жыл сайын даңқты композитор құрметіне әдеби-сазды кештер ұйымдастырылып, өмірі мен шығармашылығына байланысты лекциялар оқылып, әңгіме-сұхбаттар жүргізіліп, көрмелер ұйымдастырылып отырады. Олардың қатарында Балқаш көліне келген демалушылар, шетелден келген қонақтар, ақын-жазушы, композиторлар да бар. Көпшілік бұл мұражайды сазгеріміздің «Қара шаңырағы» деп атайды. Келген көрермендерге музейде өткен экскурсиялар М. Төлебаев өмір сүрген ғасырдан сыр шертіп, бір ғасыр кейінге шегінгендей үлкен әсер қалдырады.
Оның Ұлы Отан соғысы жылдарында шығарған «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» романстары – осы бағыттың үздік үлгісі. Вальс жанры Қазақстан музыкасында Л. Хамидидің есімімен байланыстырылады. Оның «Қазақ вальсі», «Көктем вальсі», «Бұлбұл» əндері қазақ əндерінің «алтын қорына» қосылды. Л. Хамидидің жолын «вальстің королі» атанған Шəмші Қалдаяқов жалғастырды.
Н. Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңызын», Б. Төлегенованың орындауында Л. Хамидидің «Бұлбұл» әнін және М. Төлебаевтың «Тос мені тос» романсын тыңдаңдар.
1. Н. Меңдіғалиевтің «Домбыра туралы аңызы», бұл туындыға сипаттама бер, музыка ырғағының ерекшелігін қалай түсіндірер едің?
2. Б. Төлегенованың орындауында Л. Хамидидің «Бұлбұл» туындысында музыка нені бейнелеп тұр?
4. «Романс» тақырыбына синквейн ойлап табыңдар.
Гүлжауһар Шомбалова (1919–1958)
Гүлжауһар Шомбалова – қазақтан шыққан тұңғыш пианист, музыкатанушы, өнертану кандидаты. Ол – ноғай-қазақ биі, Жәңгір ханның жақтасы Шомбал Ниязовтың қызы. 1919 жылдың 20 желтоқсанында Орал облысының Жәнібек ауданында дүниеге келген. 1935 жылы музыкалық техникумға түсіп, 1936 жылы Мәскеудегі Қазақ өнерінің онкүндігіне қатысқан. 1940 жылы оқуын үздік тамамдаған соң, осы оқу орнында ұстаздық еткен. Ұлы Отан соғысының отты жылдарында өнерімен жауынгерлердің рухын көтерген Г. Шомбалова бірнеше дүркін төсбелгілермен марапатталды.
1943 жылы Алматыдағы «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудиялары түсірген «Домбыра үнімен» атты Күләш пен Қанабек Байсейітовтер, Шара Жиенқұлова, Жамал Омарова, т.б. қатысқан фильм-концертке түскен. 1944 жылы Алматы консерваториясына музыкатану мамандығына түсіп, әрі бұл оқу орнында фортепиано сабағының оқытушысы болып қабылданады да, оқуын П. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясында аспирантурада жалғастырып, ғылыми зерттемесін қазақ музыкасын ХІХ ғасырда зерделеген орыс ғалымдары мен саяхатшыларының еңбектеріне арнады (1955 жылы кандидаттық диссертация қорғады). Г. Шомбалова 39 жасында дүниеден өтті.
Айыпқызы (1919–1958) – кәсіби музыкалық білім алған алғашқы қазақ қызы, тұңғыш пианист, әрі музыкатанушы ғалым. Әкесі Айып – Жәңгір ханның саяси жақтастарының бірі, сенімді серіктесі болған ноғай-қазақ руының атақты биі Шомбал Ниязовтың тікелей ұрпағы. Гүлжауһар Шомбалова 2-курста оқып жүргенінде-ақ 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысқан. Гүлжауһар Айыпқызы Ұлы Отан соғысы жылдары филармония әртістерімен бірге еліміздің шығыс шебіндегі әскери бөлімдер мен госпитальдерде өнер көрсетеді. 1958 жылғы мамыр айында Мәскеу консерваториясының Ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғаған Гүлжауһар Айыпқызы еліміздегі алғашқы музыкатанушы ғалым қыздардың бірі ретінде осы саланың көшбасшысына айналады. Диссертациялық кеңестің жұмысына академик Әлкей Марғұлан да қатысып, еңбекке жоғары баға береді. Гүлжауһардың жұбайы Құлахмет Қожықов – қазақтың алғашқы суретшілері тобынан. Ол – Сырдария облысындағы «Алаш» қозғалысының белсенді мүшесі, ғалым, қоғам қайраткері Қоңырқожа Қожықов пен ұлттық қолданбалы өнер шебері, республикамыздағы тұңғыш драма және опера театрларында киім тігуші халық ісмері Ләтипа Қожықова-Лапинаның ұлы. Өкінішке қарай, талантты ғалым, шебер орындаушы-пианист диссертация қорғағаннан кейін бірнеше айдан соң, 39 жасқа толар-толмаста ауыр науқастан қайтыс болады. Қос шығармашыл тұлға – Гүлжауһар мен Құлахметтің отбасында Сәуле және Гүлнәр есімді екі қыз дүниеге келген. Үлкен қызы Сәуле Қазақ мемлекеттік университетінде ағылшын тілінен сабақ берді. Сонымен қатар Сәуле – тәуелсіздік кезеңіндегі қазақтан шыққан тұңғыш импресарио. Дерек көз: Хабдина Б. Өнер Қарлығашы. Ана тілі, 2020.
Нағым Меңдіғалиұлы Меңдіғалиев (1921 жыл – 2006 жыл) — қазақ сазгері, ҚазССР-нің еңбегі сіңірген өнер қайраткері, профессор. 1921 жылы Орал облысында туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын фортепиано (доцент Е.Ф. Гировскийдің класы) және композиция (профессор Е.Г. Брусиловскийдің) мамандықтары бойынша бітірген. Меңдіғалиев атымен қазақ музыкасындағы фортепианолық музыка жанрының қалыптасуындағы жетістіктер тығыз байланысты. Бірінші кәсіби пианист-қазақ, ол көптеген миниатюралардың, фортепианоға арналған алғашқы концерттердің авторы, оның шығармалары музыкалық мектептер, училищелер мен консерваториялардың оқу-әдістемелік репертуарына еніп, тыңдаушы аудиториясының ықыласына ие болды. Оның «Домбыра туралы аңыз» атты концерттік пьесасы қазақтың фортепианолық музыкасының көрнекті үлгісіне айналды. Оның «Дала», «Толқын», «Елім-ай» шығармаларына жылы және шыншыл лирика тән. Меңдіғалиев Абайдың «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол...», «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...», «Жазғытұры», «Кейде есер көңіл құрғырың...», «Мен сәлем жазамын...» деген өлеңдеріне ән жазды.
ДОМБЫРА Бақытжан Байқадамов
Бұл домбыра тоғыз перне тағылған, Аққан судай серпіп, шалқып ағылған. Тарта білсең дұрыс қойып, Дұрыс қойып тиегін, Кеңітеді көңілдің көк, Көңілдің көк жиегін.
Бұл домбыра тартып сырды жүректен, Талай ғасыр махаббатты жыр еткен. Қоссаң әнге ашылады, Ашылады көңілің Құлпырады гүл-гүл жайнап, Гүл-гүл жайнап өмірің.
Бұл домбыра бұлбұл құстай сайраған, Ұлы күшке қуатыңды қайраған. Күлкісіндей жанға тәтті, Жанға тәтті қалқаның. Сол себептен домбырамды, Домбырамды тартамын.
Тапсырма: 1. Бірнеше топқа бөлініп, өтілген тақырыптарға сай ұсынылатын жобаларды таңдаңдар: «Орган музыкасы», «Симфониялық музыка», «Опера және балет өнері», «Қазақтың ауызекі кәсіби музыкасы», «Қазақтың жазбаша кәсіби академиялық музыкасы». а) Жобаның мақсатын анықтау. ә) Жоба тақырыбына сәйкес әртүрлі деректерден ақпарат іздеңдер. б) Жобаның жұмыс жоспарын құрыңдар. в) Топта жоба тақырыбын талқылаңдар. 2. Тоқсан бойы үйренген бір әнге интерпретация жасау. 3. «Біздің сыныптағы бір күн» тақырыбына шағын сахналық-музыкалық қойылым дайындау. Үлгі: Жоба тақырыбы: «Орган музыкасы» (1-нұсқа) Жоба мақсаты: органға арналған шығармалармен танысу. Міндеттері: - орган шығармалары жайында материалдар табу; - орган шығармалары жайында слайд дайындау; - орган музыкасы жайында баяндамаға дайындалу. Жұмыс нәтижелері: - орган музыкасы бойынша шығарма тыңдатып әрі тұсаукесер дайындау.
Жоба тақырыбы: «Орган музыкасы» (2-нұсқа) Жоба мақсаты: әртүрлі елдерде бар ең әсем органдармен таныстыру. Міндеттері: - орган жайында материалдар табу; - ең әсем органдарды бейнелеген слайдтарды дайындау; - әлем шіркеулеріндегі органдарды бейнелеген слайдтармен баяндама жасап дайындалу. Жұмыс нәтижелері: - алуан түрлі органдарды көрсететін тұсаукесер дайындап, шығармаларды тыңдату. Жоба тақырыбы: «Симфониялық музыка» Жоба мақсаты: Вена классиктерінің симфонияларымен (Гайдн, Моцарт, Бетховен) таныстыру. Міндеттері: - аталған авторлардың біреуінің симфониялары жайында мәлімет табу; - симфония жайында шағын әңгіме дайындау; - музыкалық материал (симфониялардан үзінді) дайындау. Жұмыс нәтижелері: - симфония музыкасынан үзінділер және ол шығармалар туралы әңгіме дайындау. Жоба тақырыбы: «Балет және опера өнері» Жоба мақсаты: опера (балет) шығармаларымен танысу Міндеттері: - опера (балет) жайында мәлімет табу; - опера (балет) туралы тұсаукесер дайындау; - музыкалық материал (опералар мен балеттерден үзінді) дайындау. Жұмыс нәтижелері: - опералық (балет) музыканың үздік шығармаларын тыңдау әрі тұсаукесер дайындау.
1. Өз жұмысымыздың нәтижелерін көрсетуді үйренеміз;
2. Өз жұмысымызды және сыныптастар жұмысын бағалаймыз;
3. Өз жұмысымызды жетілдіріп үйренеміз.
Үлгі: Жоба тақырыбы: «Опера өнері. Әнші Ермек Серкебаев» Жоба мақсаты: көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаев шығармашылығымен танысу. Жоба түрі: топтық жұмыс. Пайдаланылған дереккөздер: әдебиеттер, желі ресурстары, аудио және бейнематериалдар. Әншімен танысу: Ермек Серкебаев (1926–2013) – қазақ халқының әйгілі опера әншісі, лирикалық баритон, Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (КСРО) халық артисі, Қазақстанның халық артисі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, профессор, қоғам қайраткері. 1951 жылы Алматы консерваториясының вокалдық факультетін (Курганов класы бойынша) бітірді. 1947 жылдан Қазақтың опера және балет театрының әнші-солисі. Тұңғыш орындаған партиясы – Абай (А. Жұбанов пен Л. Хамидидің аттас операсында). Таңдаулы партиялары: Қожағұл (М. Төлебаевтың «Біржан–Сарасы»), Тарғын (Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғыны»), Евгений Онегин, Мазепа (П. Чайковскийдің аттас операларында), Эскамильо (Ж. Бизенің «Карменінде»). Тыңда және талда: С. Мұхамеджанов. «Айсұлу» операсынан Серке каватинасы. Бірге талқылаңдар: Музыка авторы мен орындаушы қандай картинаны бейнелегісі келді? Бұл шығарманың сипаты қандай? Олар қалай көрсетіледі? Әнші Россинидің «Севиль шаштаразындағы» Фигаро партиясын үлкен шабытпен үздік орындайтын. Бұл партия әрі қарай Ермек Серкебаевтың айнымас әншілік қолтаңбасына айналды. Ол Кеңес Одағының «ең жақсы Фигаросы» деп аталды. Серкебаев камералық және эстрадалық әнші ретінде де белгілі, киноға да түскен. Гастрольдік сапармен шетелдерде өнер көрсетті. Тыңда және талда: Дж. Россини – «Севиль шаштаразы» операсынан Фигаро ариясы. Бірге талқылаңдар: Кинофильмдердегі Е. Серкебаевтың қандай әндері танымал? (Мысалы, Шәкен Аймановтың «Біздің сүйікті дәрігер» кинофильміндегі «Надо мной небо синее». Музыка авторы – А. Зацепин, өлеңі Я. Зискиндікі)